Түлектер кеші: Министр ата-аналарға ұсыныс жасады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. ҚР Білім және ғылым министрлігі түлектер кешін қымбат шараға айналдырмай, оны мектеп қабырғасында өткізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Оқу жылының аяқталуына орай, оқушылар мен ата-аналарды мектеп бітіру кешін өткізудің форматы алаңдатады. Сонымен қатар, ата-аналар комитетінің ақша жинайтындығы туралы хабарламалар жиі түседі. Ол отбасылық бюджетке салмақ салатыны анық», - делінген министрлік ақпаратында.
Мұндай шағымдарға жауап ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігі ақшаны үнемдеу үшін түлектер кешін дәмханалар мен мейрамханаларда емес, мектеп қабырғасында өткізуді ұсынады.
«Министрлік мектеп бітіру кешінің мақсатын сәнді киімдер мен мол дастарханды көрсету емес, шын жүректен, жақсы ұйымдастырылған шара ретінде балалардың, мұғалімдер мен ата-аналардың есінде қаларлық мектепішілік жиын деп есептейді. Мектеп бітіру кешінің форматы қымбат әрі сән-салтанатқа толы кеш болмауы керек. Жылдар бойы тұлғаны қалыптастыруда талмай еңбек еткен педагогтар мен ата-аналар және бүгін мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам басып жатқан кештің басты кейіпкерлері - түлектер арасындағы жылы диалог түрінде өткені абзал. Аталған кеште оқуда озат, жетістікке жеткен, мектеп, аудан, қала, облыс, республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық, интеллектуалдық жарыстарда жеңімпаз болған, мектептің қоғамдық өміріне белсенді атсалысқан балаларды құрметпен атап өту - орынды», - деді ведомстводан.
Министрлік өкілдерінің ұсынысы бойынша, түлектер педагогтардың көмегімен креативті бағдарлама дайындап, ата-аналарына, сүйікті ұстаздарына және жанына жақын сыныптастарына алғыстарын білдіретін мағыналы әрі қызықты форматтағы кеш өткізе алады.
Бұл мәселеге қатысты пікірін бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова білдірген болатын. Оның айтуынша, мектеппен қоштасу кештері бәсекеге айналып кеткен. Оның үстіне, кез келген шарада мектеп те, ата-аналар да балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуы қажет.
«Ондай кештер тек мектептің территориясында өтуі керек деп санаймын. Артық ақша шашудың да қажеті жоқ. Аста-төк отырыс жасамау керек. Қымбат көйлек алудың да қажеті шамалы. Түлектер кеші ол үшін жасалмайды. Өзара бәсеке үшін жасалмайды. Мектеппен қоштасу кеші жанға жайлы кездесу болып өтуі тиіс. Балалар, ата-аналар мен мұғалімдердің салиқалы бір отырысы болуы қажет», - деп атап көрсетті Күләш Шәмшидинова.