Қызылордадада алғаш рет математикадан халықаралық олимпиада өтуде
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында өтіп жатқан жас математиктер олимпиадасына 100-ге жуық жас қатысуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Академигі Асқар Жұмаділдаев баяндады.
Халықаралық олимпиаданың мақсаты – өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын дамыту, математика саласындағы академиктер мен ғалымдардың жас мамандарға арналған оқу курстарын ұйымдастыру арқылы жастарымыздың шығармашылықтарын шыңдау және ғылымға деген ынтасы мен белсенділіктерін арттыру.
Бұған дейін «Жас математиктер» байқауы қала көлемінде 2014 жылдан бері 5 рет ұйымдастырылған.
«Биылғы байқаудың басты ерекшелігі 18 бен 35 жас аралығындағы жас мамандар қатысады. «Жастар жылы» аясында аталмыш байқаудың қаражаты 1,7 миллион теңгеден 10 миллион теңгеге ұлғайтылып, халықаралық деңгейде өтуде. Қазақстан бойынша тұңғыш рет Қызылорда қаласында өткізгелі отырған бұл байқауға еліміздің барлық облыстары мен көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен математиктер қатысады», - деді Асқар Жұмаділдаев.
Қазылар алқасы құрамында физика-математика ғылымдарының докторы Жук Владимир Васильевич және физика-математика ғылымдарының кандидаты, жетекші тәлімгер Исмаилов Шухрат Норалиевич болады. Сайыстың шарты бойынша қатысушылар 7 есеп шығаруы керек. Қазылар алқасының шешімі бойынша 5 жеңімпаз таңдалып, ең үздік жас математикке 1 миллион көлемінде сыйлық беріледі.
Халықаралық олимпиада бүгін Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтуде. Сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінде математиканың өзекті мәселелеріне арналған семинарлар ұйымдастырылуда.