Аралда 4 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Арал ауданында осы мақсатта жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып, кәсіпкерлік саласы қарқын алып келеді. Бүгінде теңізді өлкеде төрт мыңнан астам кәсіпкерлік субьектісі тіркелген, деп хабарлайды «Kyzylorda» телеарнасы.
Облыс әкімінің тапсырмасымен аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2020 жылға дейін ұзартылғаны белгілі. Бұл кәсіп ашып, бизнеспен айналысамын деген тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік. Аудан тұрғыны Жанар Кәрбозова игі бастаманы тиімді пайдаланып, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен қомақты қаржы алды. Нәтижесінде, қонақ үй кешенін салып, халыққа қызмет көрсетуде. Мұнда келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Кәсіп иесі алдағы уақытта елу адамға арналған кафе мен монша салуды жоспарлап отыр.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан тұрғындары түрлі қаржы институттары арқылы көлемі 1,6 млрд теңге несие алды. Жыл басынан «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 161 млн теңгені құрайтын 10 жоба мақұлданды. Өңірлік инвестиция орталығы арқылы 61,5 млн теңгені құрайтын 5 жоба мақұлданды. Бұдан бөлек қазіргі кезде аудан бойынша 312 млн теңгені құрайтын 88 жоба дайындалып, түрлі қаржы институттарына тапсыру дайындық үстінде», - дейді аудандық өнеркәсіп, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Рахметжан Бисембаев.
Ал Әліби Тілеулесов тауық өсіріп, тұрғындарды сапалы әрі табиғи өніммен қамтамасыз етуде. Мың тауықтан тәулігіне орташа есеппен 600-700 жұмыртқа шығады екен. Кәсіпкер қанаттылардың күтімі жақсы болып, дұрыс тамақтандырса, мұнан да жақсы өнім алуға болады,- дейді.
«Өзінің арнайы дәрумен араласқан жемі бар. Арпа, бидай жүгері дақылдары қосылған жем беріледі. Мың тауық аздап көбейіп келеді. Шынын айтқанда әзірге тамақтану рационын ретке келтіре алмай келеміз. Енді өзіміздің зоотехнигіміз бар. Бірлесе отырып осы мәселені шешсек, алдағы уақытта тауықтарды көбейтуге жұмыс жасайтын боламыз», - дейді кәсіпкер Әліби Тілеулесов.
Жеке кәсіпкер Жамбыл Қараев балық өңдейтін цех ашып, бүгінде 18 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда бір айда 40-50 тонна балық өңделсе, маусымдық кезеңде 120 тонна су маржаны өңделіп, елімізбен қатар алыс жақын шетелдерге эксортталады.
«Балықтан фарш өндіреміз. Жон еттерін алып сүбе шығарамыз. Сондай-ақ балықты тұздау, ыстау жұмыстарын жүргіземіз. Біздің өніміміз өз елімізбен қатар Ресей мен Қытай мемлекеттеріне де жөнелтіледі», - дейді аға шебер Ақмарал Сарбасова.
Теңізді өлкенің өніміне сұраныс жоғары бүгінде. Кәсіпкер сондықтан балықты тұздау, ыстау және сүбе мен фарш дайындау жұмыстарын мұнан әрі ұлғайтып, жұмыс күшін арттырмақ ниетте.