Білім министрі 15 мамыр ата-аналарды жұмыстан ерте босатуды сұрады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. 15 мамырда республикада ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы өтеді, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова жұмыс берушілерден қызметкерлерін 15 мамыр жұмыстан ерте босатуды сұрады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Осыған орай республикада ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы өтеді.
«Құрметті ата-аналар, Білім және ғылым министрлігі сіздерді аталмыш іс-шараға қатысуға шақырады. Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшідинова ата-аналар балалары оқитын мектепке үлгеру үшін жұмыс берушілерден қызметкерлерді жұмыстан ерте босатуды сұрайды», - деп жазылған хабарламада.
Жалпыұлттық жиналыс күні ата-аналар мектепке келіп, оқу орнының басшылары, сынып жетекшілері және мұғалімдерімен кездесіп, мазалап жүрген сауалдарына жауап алу мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетсек, 15 мамырда осымен үшінші жыл жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтеді. Алғашқы жылы жалпыұлттық жиналысқа ата-аналардың 80 пайызы қатысқан.