Қызылорданың халық саны 10,6 мың адамға көбейген
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық статистика департаменті облыстың халық санына қатысты статистикалық мәліметті жариялады. 2019 жылдың 1 сәуіріне Қызылорда облысындағы халық саны 796,8 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар – 353,3 мың (44,3%), ауылдықтар – 443,5 мың адамды (55,7%) құрады. 2018 жылдың 1 сәуірімен салыстырғанда халық саны 10,6 мың адамға немесе 1,3% өсті.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілер жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2019 жылғы қаңтар-наурызында туылғандар саны 4359 адамды құрады, бұл 2018 жылдың қаңтар-наурызына қарағанда 5,1% аз. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 22,12 туылғандарды құрады.
2019 жылғы қаңтар-наурызындағы облыс халқының табиғи өсімі 2018 жылғы қаңтар-наурызымен салыстырғанда 259 адамға немесе 7,4% кеміп, 3256 адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 16,52 адамды құрады.
Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 1103 адамды құрады, бұл 2018 жылғы қаңтар-наурызына қарағанда 2,5% көп. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 5,60 қайтыс болғандарды құрады. 2019 жылғы қаңтар-наурызда облыста 1 жасқа дейінгі 39 нәресте өлімі тіркелді. 2018 жылғы қаңтар-наурызымен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 9,3% азайған. Нәресте өлім-жітімінің коэффициеті 1000 туғандарға шаққанда 8,95% құрады.
Алдын-ала алынған деректер бойынша 2019 жылғы қаңтар-наурыздағы көші-қон алмасуы нәтижесінде Қызылорда облысынан 10437 адам кетіп, облысқа 9620 адам келді. 2018 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда облысқа келгендер саны 15,4%, ал облыстан кеткендер саны 19,1% көбейген.
Алыс және жақын шет елдерден 6 адам (2018 жылғы қаңтар-наурызында – 9 адам), республиканың басқа облыстарынан 2211 адам келсе, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 2004 адам келген болатын.
Облыстан 3022 адам немесе жалпы көлемнің 29,0% көшуі көбінесе республиканың басқа облыстарына кетуге байланысты болды (2018 жылғы қаңтар-наурызында тиісінше 2431 адам немесе 27,7% кеткен болатын).
Алыс және жақын шет елдерге 12 адам, ал 2018 жылдың қаңтар-наурызында 13 адам көшті. Сыртқы және ішкі көші-қон нәтижесінде 2019 жылдың қаңтар-наурызында 811 адамға, 2018 жылғы қаңтар-наурызында 427 адамға кему қалыптасқан.
Облыстың 7403 тұрғыны Қызылорда аумағында тұрғылықты орнын ауыстырды (2018 жылғы қаңтар-наурызында 6317 адам).