Қазақстанда президент сайлауын кімдер бақылайды?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Кезектен тыс президент сайлауына 67 халықаралық байқаушы аккредитттелді. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бүгінгі таңда президент сайлауына 67 халықаралық байқаушы аккредиттелген. Олардың 22-сі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының құрамындағы байқаушы.
"2019 жылы 8 мамырда Сыртқы істер министрлігінен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы миссиясының 22 ұзақ мерзімді байқаушысын аккредиттеуге ұсыныс келіп түсті. Олардың барлығы аккредиттеуге шығарылып отыр", - деді Баймолдина ОСК отырысында.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу 3 маусым күні сағат 18:00-ге дейін созылады.
Аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар жөніндегі деректер жаңартылып отырады.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы 4 халықаралық ұйымнан 45 байқаушыны аккредиттегенін хабарлаған еді.