Қазалы ауданында жаңа аудан орталығы құрылады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласын бір елдімекенге шоғырландыру жоспарлануда. Осыған байланысты аталмыш елдімекендерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Әйтеке би кентінде екі қабатты 12 тұрғын үй құрылысы, 250 орындық аудандық аурухана, 600 орындық мәдениет үйі мен басқа да әлеуметтік нысандар салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, бұл аумақта алдағы уақытта 24 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, автомобиль жолы қайта жаңартылады. Қазірдің өзінде көпқабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Қазір Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде жалпы құны 889,7 млн. тг. болатын Мекемелер үйінің құрылысы жүргізілуде. Аталмыш жобаны іске асыру бір ғимаратта әкімдік пен аудандық бөлімдерді шоғырландыруға мүмкіндік береді. Олар қазіргі уақытта елдімекеннің әр аумағында (мекемелердің бір бөлігі - кент әкімдігінде, бір бөлігі – ескі аурухана ғимаратында) орналасқан.
«Қазір аудандық әкімдік пен бөлімдер бөлек ғимараттарда орналасқан, бұл әсіресе тұрғындар үшін өте қолайсыз. Оның үстіне, қазіргі аудан әкімдігі ғимаратының іргетасы 1963 жылы қаланған. Елу жылдан астам уақыт болған нысан бүгінде ескірген. Жаңа аудан орталығының жоспарына сәйкес, облыстық мекемелер үйінің, халыққа қызмет көрсету орталығының, мектептер мен ауруханалардың, сондай-ақ, сот пен мәдениет үйлерінің ғимараттары халыққа ыңғайлы болу үшін бір-біріне жақын орналастырылады. Ауданда соңғы 2 жылда инфрақұрылымдық және басқа да нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Себебі Қазалы ауданы инфрақұрылыммен аз қамтылған аудандардың бірі болып табылады", - деді құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков.
Сондай-ақ, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы тұрғындарға ыңғайлы болу үшін екі елдімекенді бір орталыққа шоғырландырып, әлеуметтік маңызы бар нысандарды аудан орталығына орналастыру қажеттігін атап өтті.
"Осыған байланысты заманауи талаптарға сай келетін "Open Space" форматындағы заманауи ғимарат құрылысы жоспарлануда", - деді М.Әлсеріков.
Ауданда жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына басымдық берілген. Себебі бұл - Қазалы ауданындағы ең өзекті мәселелердің бірі саналады.
"Мәселен, Қазалы ауданындағы жолдардың техникалық жағдайы нашар. Аудандағы жолдардың 31% қанағаттанарлықсыз жағдайда. Шиелі ауданында бұл көрсеткіш 15,8%, ал облыс орталығында 22,1% тең", - деп атап өтті облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов.
Осыған байланысты 2019 жылға Қазалы ауданында жол салу және жөндеу жұмыстары бойынша 16 жоба жоспарлануда.
Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметі бойынша, 2013-2018 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан салынды. Айта кету керек, жан басына шаққанда әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындар бойынша аймақ соңғы 6 жылда республикада алдыңғы қатарда тұр.
"2013 жылдан бастап 200 - ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет нысандары бар. Мәселен, апатты жағдайдағы 57 денсаулық сақтау нысанының орнына жаңадан 49 ғимарат бой көтерді, қалғаны 2019 жылы салынатын болады. Мұнан басқа, 2018 жылы Қызылорда облысы үшін рекордтық көрсеткіш 700 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілді", - деді М.Әлсеріков.
Сонымен қатар, өңірде үш ауысымды оқыту мәселесі мен "Балапан" бағдарламасы мерзімінен бұрын шешіліп, 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбие және біліммен 100% қамтылды. 2017 жылы облыста апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешімін тапты. 2013 жылы жарамсыз деп танылған 37 білім ұясы болған еді. 2013 жылдан бері апатты үйде тұрып келген 645 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Қазіргі таңда облыс аумағында 1747 пәтерлік 69 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Айта кету керек, 2013-2016 жылдары Қызылорда облысында 2008 жылдан бері аяқталмай, құрылысы ұзаққа созылып келген 34 нысанның мәселесі шешілді.