Қызылорда – Ұлы Отан соғысы жылдарында
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Фашистік Германияның Кеңес Одағына кенеттен шабуылын қала және облыс еңбекшілері бейбітшілікте өмір сүріп отырған адамдарға қандыбалақ қарақшылық жасау деп бағалады. Ол халықтың арасында ашу-ыза туғызды, патриоттық, отаншылдық сезімін оятты. Енді ел алдында қысқа мерзімде барлық жұмысты әскери қалыпқа келтіру, бәрінде майданның мақсатына бағындыру міндеті қойылды. Тыл мен майданды тығыз байланыстыру, барлық кәсіпорындар, мекемелер, колхоздар, совхоздар қызметін үздіксіз жүргізу, еңбекшілердің ерік-жігерімен еңбек етуін ұйымдастыру қажет болды.
Бүкіл еліміздегі сияқты облыста митингілер мен шерулер, жиналыстар болып, онда гитлерлік қарақшыларға лағнет айтылды, өздерінің Отанды қорғауға бір кісідей қатысып, ерлік көрсететінін білдірген хаттар қабылдады. Тек бір күнде Қызылорда қаласының өзінде осындай митингіге 17 мың адам қатысты. Өздерінің Отанға деген шын берілгендігін Арал балықшылары, Қызылқұм мен Қарақұмдағы мал өсірушілер, барлық еңбекшілер білдірді. Қалалық, аудандық активтері мен жиналыстарға қатысқан адамдардың тең жартысынан көбі шығып сөйледі. 23-27 тамыз аралығында облыс аудандарында колхоз басқармалары төрағаларының, МТС директорларының, бастауыш партия ұйымдары хатшыларының жиналыстары болып,онда шаруашылық жұмыстарын әскери қалыпқа түсіру мәселелері қаралды.
Шілде және тамыз айларында халық арасында қорғаныс-бұқаралық жұмыстарын өрістету, халықты әуе шабуылынан қорғана білуге дайындау, қорғаныс қызметін қайта құру және соғыс жағдайында күрішті тез жинап алу жайы қаралды. Бұқаралық-қорғаныс ұйымдарының және Осоавиахим, Қызыл Крест басшыларымен, мүшелерімен кеңестер өткізілді. Осы жылдың аяғына дейін соғыс-тарихи және қорғаныс тақырыптары бойынша ондаған баяндамалар жасалынды, лекциялар оқылды, оларды талқылауға 152 мың адам қатысты. Облыстық газеттерде және радио арқылы мақалалар берілді. Осоавиахим мен Қызыл Крест құрамында партия-комсомол топтарының көбейуі бұқаралық-қорғаныс ұйымдарының жұмысын жандандыра түсті.
Облыста майдан жағдайында қызмет атқарудың барысы, оның нәтижелері, алға қойылған міндеттердің орындалуы барысы жиі-жиі қаралып отырылды. Кемшіліктерді түзету үшін арнайы қаулы қабылданып, нақты көмек көрсету шаралары белгіленді. Онда, ең алдымен, суды дұрыс пайдалану, күрішті жинауға механизмді кеңінен қолдану, колхозшылармен шарт жасау арқылы жұмыс жүргізу белгіленді. Колхоздарда балалар аландарын, бақшалар ашу арқылы әйелдердің еңбекке түгелдей қатысуын қамтамасыз ету ойластырылды. Сонымен қатар балық өнімін мол өндіру үшін балықшылар бригадаларының құрамын көбейту, оларға әйелдер мен жасөспірімдерді қатыстыру ұйғарылды.
Өнеркәсіп орындары мен теміржол қатынасында жұмысты соғыс жағдайына бейімдеп жүргізу жақсы жолға қойылды. Теміржол мекемелерінде жұмысшы-қызметкерлердің жауынгерлік, саяси жұмыстарына жігерлікпен басшылық жасады, жергілікті материалдық қорларды тиімді пайдалана білуді ұйымдастырды.
Кәсіпорындарда басқару аппараттарын қысқартып, олардың есебінен өндірістік күштерді толықтыру қолға алынды. Өнеркәсіп орындары қызметінің үздіксіз жүруі үшін оларды қосалқы бөлшектермен,қажетті материалдармен қамтамасыз ету көңіл бөлініп, олар жергілікті қорлардан іздестірідді, өз күштерімен атқарылды. Мәселен, Қызылорда вагон депосы ескі детальдар мен темірлерді қайтадан пайдаланды. Олардан әртүрлі қажетті бұйымдар жасалды. Бұл сырттағы заводтардан алғандағыдан көп арзанға түсті. Сөйтіп, осының өзінен 227 мың сом үнемделді. Жергілікті және кооператавтік өнеркәсібі жергілікті шикізаттан кеңінен тұтынатын тауарлар шығаруды жүзеге асырды. Олар майдан қажеті үшін шығаратын бұйымдар жоспарын үнемі артығымен орындап отырды.
Балық өнеркәсібін соғыс кезінің талабына бейімдеп қайта құрудың зор маңызы болды. Балықтың армияға да, елге де зор пайдасы болатыны ескеріліп, барлық флот жүйесін қысқа мерзімде іске қосу, балық аулауға әйелдер мен жастарды кеңінен қатыстыру міндеті қойылды. Балықшылар артельдерінің жоспарды орындауы қиынға соқты. Өйткені, олардың қатарынан соғыстың алғашқы кезінде-ақ 500-дей балықшы майданға аттанған еді. Осыған орай ауылдағы бар адамдар, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін балық аулауға шықты.
Ауыл шаруашылығында да елеулі өзгерістер болды. Еңбекке жарамды адамдар түгелдей дерлік соғысқа аттанып, тракторшылар, комбайншылар, машина-трактор стансасы механизаторлары, егіншілер қатары өте сиреп қалды. Техниканың соғысқа бейімделіп кетуіне байланысты колхоздар мен МТС-тарға жаңа механизмдер жетіспеді. Сондықтан сырттан келетін техника жоқ болған соң, ішкі резервтер мен мүмкіндіктер қарастырыла бастады. Жұмысшы қолының жетіспеуі еңбек өнімділігін арттыру, жұмыс уақытын ұзартумен, норманы үнемі артық орындаумен, сонымен қатар өндіріске әйелдерді, жасөспірімдерді, қарттарды кеңінен қатыстыру есебінен толықтырыла берді. Әр жұмысшы атқаратын жұмыс көлемі ұлғайды. Ауылшаруашылық машиналарын, күш-көлікті, колхозшылардың еңбек резервтерін неғұрлым толық пайдалану жолға қойылды.
Еңбекке жарамды адамдардың жұмыска қатысы барған сайын арта түсті. 1940 жылмен салыстырғанда еңбеккүн минимумын таппайтын колхозшылардың саны үш есе азайды. Оның есесіне 300 еңбеккүнге дейін табатын колхозшылар қатары көбейді.
Кадр мәселесі де ерекше орын алды. Әсіресе, механизатор кадрларының құрамын нығайтуға баса көңіл бөлінді. Оған бұрынғы кадрлар тартылды, қысқа мерзімді курстарда оқытып-үйрету қолға алынды. Соғыс басталған күннен 1941 жылдың 15 қарашасына дейін әйелдер қатарынан 761 механизатор даярланды. Олардың 686-сы тракторшы, 39-ы комбайншы, 28-і жүргізуші, 10-ы комбайншының көмекшісі еді. 1041 жылдың екінші жартысында барлық курста колхоз басқармалары төрағалары оқыды. Су шаруашылығы үшін әйелдер қатарынан 301 адам дайындалды.
Қайта құру жұмыстары тиісті нәтижесін бере бастады. Облыстың жергілікті және кооперативтік өндірісі 1941 жылы майдан тапсырмаларын 130-150 пайыз етіп артығымен орындады.
1941 жылдың соңынан бастап облысқа эвакуациямен көшірілген кәсіпорындар келе бастады. Бұған дейін облыс аумағына сырттан 36542 адам көшіп келген еді. Олардың ішінде еңбекке жарайтын 18 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорынның 11-і Қызылорда облысына келді. Бұлардың ішінде екі паровоз жөндеу шеберханасы, үш консерві заводы, электрожабдықтар, механикалық заводтар болды.
Қызылорда қаласына Украинаның біріккен университеті (құрамында Киев және Харьков университеттері бар), Москваның ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институты, Қырым медицина институты орналасты. Жоғары оқу орындары 900-ден астам маман даярлап шығарды. Көшіп келген кәсіпорындар тез іске қосылды. Олардың өндірістік қуаттары қалпына келтірілгеннен кейін бұрынғысынан кеміген жоқ. Мәселен, Дзержинскии атындағы электротехника заводының өндірістік қуаты көшірілгенге дейін 200 мың сом болса, қалпына келтірілгеннен кейін де сол дәрежесін сақтады.
Облыстағы бірқатар кәсіпорындарға облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша соғыс қару-жарақтарын дайындау тапсырмалары белгіленді. Айталық, облыстық кәсіпшіліккеңесінің артельдері мен шеберханаларына соғыс киім-кешектерін тігу тапсырылса, Қызылорда, Қазалы темір жол депосына мина және қол гранаталарын жасау міндеттелді. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің қаулысына сай Жосалы механикалық заводы 82 миллиметрлік шойын миналар жасайтын болды.1942 жылғы 23-қаңтардағы КСРО Түсті металлургия министрлігінің бұйрығымен бұл заводқа наурыз айында 10 мың мина дайындауға тапсырма берілді. Бүкіл ұжымның қажырлы жұмысының арқасында сол жылдың сәуірінің өзінде-ақ мина шығару күніне 500 данаға жетті.
Қызылорда қаласында Москваның "Парижская коммуна" аяқ киім фабрикасының бірқатар жабдықтарын орналастыру кезінде аяқ киім фабрикасы ұйымдастырылды. Мұнда күніне 2400 пар аяқ киім тігілді. Болыс аумағына орналастырылған үш консерві заводы балық өндеу өндірісіне кешендік сипат берді, ал механикалық және электротехникалық заводтар шын мәнінде қорғаныс өндірсінің негізін қалады. Осылайша көшіп келіп орналастырылған кәсіпорындар облыстық өндірістік-техникалық негізін нығайтты.
Соғыс жылдарында өнеркәсіптің салалары қысқару орнына керісінше кеңейе түсті. Егер 1940 жылы облыста металл өндірісінің жалпы үлесі 22,7 пайыз, тігін бұйымдары 3,6 пайыз болса, ол кейін 39,0 және 5,7 пайызға жетті. Жыл бойы өндіріс орындарында қызмет істейтіндердің де саны артып 12 мың адамға көбейді, сөйтіп жалпы өніп 53551,0 мың сомды құрады. 1942 жылдың сәуірінде Арал балықшылары Қазақ ССР-нің барлық балықшыларына үндеу тастады. Онда әрбір балықшы күніне теңіз бен көлдерден 40 килограммнан балық аулауға, сөйтіп, жылдық тапсырманы 25-желтоқсанда орындап шығуға шақырды. Бастаманы Каспий, Балқаштың, бүкіл республиканың балықшылары қызу қолдады. Осының нәтижесінде 1942 жылы Арал теңізі аймағынан 153,5 мың центнер балық ауланды.