Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қызылорда қаласы мектеп оқушыларының майданға көмегі
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда аянбай еңбек еткен жерлестеріміздің, әсіресе мектеп оқушыларының ерен еңбектерін жас ұрпаққа көрсету, оларды патриотизмге, еңбекқорлыққа тәрбиелеу мақсатында архив материалдарынан деректер жинадым. Ұлы Жеңіс мерекесінде соғыс ардагерлері мен бірге тыл ардагерлеріне де қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Майданнан шалғай жатса да, соғыстың бар ауыртпалығын көтеріп, жұмыла еңбек еткен сол кісілердің періште көңілі ұлы жеңісті жақындатты. Қазіргі тыл ардагерлері сол уақыттардағы бұғанасы қатпаған мектеп оқушылары еді.
1941 жылы 22 маусымда КСРО-ға бес жарым миллион адамы бар армия тап берді. Әр елге бір ұрынып, әр жерде соғыс өртін тұтатып дәндеген фашистік соғыс машинасына қарсы халқымыз қиян-кескі күреске көтерілді. КСРО-ға шабуыл жасаған фашистік Германия дүние жүзіндегі тұңғыш социалистік мемлекетті құрту, халықтарын құлдыққа салу, миллиондаған адамдарын қырып-жою мақсатын көздеді. КОКП ОК "Кеңес халқының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жеңісінің 40 жылдығы туралы" қаулысында көрсетілгендей, Кеңес Одағы үшін бұл соғыс азаткерлік, әділетті соғыс болды. Өткен ондаған жылдар және кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісінің бүкіл дүниежүзілік тарихи маңызы бұрынғыдан да айқынырақ және толығырақ екенін атап көрсетеді. Қаһарман-дыққа толы 1418 күнде біздің еліміз адам айтқысыз қиындықтарды бастан кешірді. Империализммен шайқасып, кеңестік социалистік және қоғамдық құрылыс жеңіп шықты. Сол кездегі кеңес қоғамының әлеуметтік-саяси және идеялық бірлігі, жұмысшы табы мен колхозшы шаруалардың мызғымас одағы, майдан мен тылды толық, берік байланыстырды. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс әскери ғана емес, саяси да, экономикалық та жеңіс еді. Кеңестік патриотизм мен пролетарлық интернационализмнің, еліміз халықтарының мызғымас моральдық саяси бірлігінің салтанаты болды. Жеңіс күнін жақындата түсуге барлық республикалар сияқты Қазақстан да өзінің үлкен үлесін қосты.
"Соғыс" деген суық сөзді естісімен талай қызылордалық ер-азаматтар қолдарына қару алып, батысқа қарай сапар шекті. Тылдағы отбасы, ошақ қасында қалған кемпір-шалдар да бойын тіктеп, бала-шағаға қосыла майданға аттанды. Тірсектері майысқан жас балғындар ерте есейіп, әкелерінің, ағаларының орнын жоқтатпады. Олар жанқиярлықпен еңбек етіп, майданға көмек беріп жатты. Еліміздің өзге тылдағы еңбеккерлері сияқты қызылордалықтар да қорғаныс қорын ұйымдастырды.
1943 жылдың 23 қаңтарына дейін Қызылорда қаласының тұрғындары майдан үшін 1 миллион 300 мың сом ақша мен 1 миллион 100 мың сомның облигациясын Отан қорғау қорына өткізді. 14 мың жылы киім мен 2 вагон сыйлықты майдандағы жауынгерлерге жөнелтті.
Қаладағы Артем атындағы театр 100 мың, теміржол жұмысшылары 100 мың, "Разнопром" артелі 20 мың, қалалық аурухана 22 мың, Стройматериал артелі 20 мың сом қаржы және облигация өткізді. Облыстық милиция қызметкерлерінің майданға жіберген қаржысы 26 мың 420 сом болды.
Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында неміс фашистері уақытша басып алған жерлерден көшіп келген мыңдаған адамдарды қызылордалықтар да өз бауырларындай қарсы алып, достық құшағын жайды. Соғыс басталған алғашқы жылдың өзінде ғана облысқа майдан ортасында қалған 7653 адам, соның ішінде Қызылордаға 3617 адам келіп қоныстанды. Олар келісімен бірден еңбекке араласты.
Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен-ақ облысымыздың мектеп оқушылары майдандағы кеңес жауынгерлеріне үлкендермен бірге көмек көрсете бастады. Олар еңбек даласында, жауынгерлерге жылы киім жинауда, астық өткізуде зор белсенділік танытты.
Соғыс уақытында мектеп оқушылары Отан тағдырымен алға басты.Оқу үлгірімін екі есеге арттырып, металл, жылы киім жинады, жауынгерлерге посылка салып тұрды. Колхозшыларға егіс даласында көмек берді. Ертеден кешке дейін қараңғы түн құшағында олар егін орды, жер жыртты, станокта тұрып оқ жонды, бомба жасады, жауынгерлер үшін жылы киім жинастырды. Аналармен бірге бір сәт те тыным алмаған кішкентайлардың дұшпанға деген кегі мен ашу-ызасы Қызыл Армияға деген қолғабыс болып, жау шебіне бұршақша жауды. Соғыс жылғы балалар тылда тыным алған жоқ. Олар байтақ елімізбен білек сыбанған қалың елмен бірге жеңіс сағатын жақындата түсті. Майданнан елге оралып келе жатқан Жеңіс жауынгерлерінің мойнына асылып, алапат соғыста гимнастеркаға сіңген оқ-дәрі мен түтін иісін алғаш иіскеген де сол балалар болатын.
Тылдағы ауыр еңбек балғын ұрпақтың бұғанасын тез қатырды. Лениншіл жеткіншектер жеңіске үлестерін қосуға бар күштерін салды.
Отты күндерде тимуршылар командасы жақсы жұмыс істеді. Қызылорда қаласында соғыс жылдарында тимуршылар командасы 18-ге жетті. Ол өзіне 250-ден астам пионер оқушыларды біріктірді. Олар мектептегі тәртіп пен үлгірім үшін белсенді жұмыс жүргізді. Қалалық ВЛКСМ-ның XX жылдығы атындағы мектептің тимуршылары 32 майдангер отба-сына көмек берді. Олар Кеңес Одағының батыры Глотовтың және екі мәрте Кеңес Одағының батыры жолдас Молодченнің отбасымен үзбей байланыста болды. "Пионер" самолетін жасауға тимуршылардың көтерген бастамасын қалалық барлық мектеп оқушылары қолдады. Тимуршылардың белсенділігімен майдан шебіне ондаған посылкалар жөнелтілді. Сол жылы Қызылорда қаласында тимуршылардың слеті болып өтті. Майданға көмек толастамады. Әрбір кеңес оқушысымен бірге қала мектептерінің оқушылары да жеңіс сағатын асыға күтті. Сондықтан олар бұл арманды орындауға асықты, орындады да. Қызылорда қаласы мектеп оқушыларының майданға көмегі жергілікті органдарда, пионер, комсомол ұйымдарында аталып отырды. Олардың күнделікті жаңа табысы фашизмді талқандауда жауларға оқ болып тиді. Олардың жаңа жетістіктері жергілікті радио, баспа беттерінде хабарланып тұрды. 1942 жылдары қызылордалық мектеп оқушылары үлкен тер төкті. Соның арқасында егін, мал азығы ысырапсыз жинап алынды. Мұндай жұмысқа қала мектептерімен бірге облыс бойынша 9332 комсомол, 13000 пионер және мектеп оқушылары қатысты. Олар майдангерлердің отбасы-ларына, соғыс мүгедектеріне, жаралы жауын-герлерге қалтқысыз қамқорлық жасады. Олар дала қосында, бригада басында, завод цехтары мен госпитальдарда жалықпай өнер көрсетіп, шаршаған жұртты сергітті.
Ауыр кезеңде Қызыл Армия жауынгерлеріне сыйлық ретінде қалалық №1 май мектебінің оқушылары 500 кг. күріш, 50 кг. балық, 350 бет орамал салып жіберді.
Қызылорда қаласындағы ВЛКСМ-ның 20 жылдық атындағы мектеп, Ленин, Сталин және Ворошилов атындағы мектептердің оқушыла¬ры мың килограмнан астам металл сынықтарын жинап тапсырды.
Оқытушылар мен оқушылардың бастамасымен қалалық Ворошилов атындағы мектепте гитлерлік басқыншылардан азат болған аудандардың мектеп оқушыларына көмек ретінде оқу құралдарын, дәптерлер жинады. Осылардың бәрі дер кезінде азат болған аудандағы мектеп оқушыларының адресіне жіберілді. Мектеп оқушыларының Кеңес жауынгерлеріне жылы киім жинау жұмысы толастаған жоқ. Мектеп оқытушылары мен оқушыларының үлкен белсенділігі арқасында 1942 жылы 1қаңтарда 6450 жылы киім, солардың ішінде 48 қысқа тон, 163 пар пима, 272 телогрейка, 406 шапка тапсырылды.
Кеңес жауынгерлеріне жылы киім жинауда мектеп оқушылары "Жылы киімдерді жинау комиссиясын" құрып, белсенді есеп жүргізіп отырды. Әсіресе, қалалық М.Горький атындағы мектеп оқушылары белсенділік көрсетті. 22 қаңтар күні оқушылар жиналысында әрбір оқушы шығып сөйлеп, өз жұмыстарын одан әрі жалғастыра отырып, неміс басқыншыларына қарсы күресте аянбай еңбек ететіні туралы айтты. Жиналыста екінші сынып оқушысы Миссури сөйледі. Ол: "Біз мектепте үлкен¬дерден қалыспаймыз, біз де кеңес жауынгер¬леріне жылы киім жібереміз. Біздер Кеңес жауынгерлерінің жылы киініп, фашистерді аяусыз күйретуіне аянбай еңбек етеміз. Мен өзім тоқыған қолғапты қосамын",- деді.
Сол күні М.Горький атындағы мектеп оқушылары 30 пар пима жинап, майданға жіберді.
Мектеп оқушыларының еңбегі мұнымен шектелмеді. Олар сонымен қатар көктемде күнде егіс даласында еңбек етті. Жауынгерлерге шын балалық балғын жүректерімен тебірене отырып, хат жолдады. Осындай хаттарды мектеп оқушылары майданға жіберіп, жауынгерлерден ерлікке толы хат алып отыр-ды. Солардың бірі қалалық Ленин атындағы мектеп оқушылары еді. Олар былай деп хат жазды: "Қымбатты гвардиялық жолдастар, үлкен қуанышпен біз Сіздердің хаттарыңызды алып оқыдық. Неміс басқыншыларынан Отанымызды азат ету үшін күрескен ерлік істеріңіз бізді қатты тебірентті. Біздің мектебіміз соғыстың алғашқы күнінен бастап майданға көмек жұмысына 5150 сом ақша жинады. Бұл қорлар "Қазақстан пионері" танк колоннасын салуға жиналды. Біздің мектеп оқушыларының көпшілігі оқу озатының қатарында келеді. Құрметті гвардия жауынгерлері, біз сіздердің хаттарыңызды асыға күтеміз".
Оқушылар майданнан үшбұрыш хат алды. Майданнан келген хат әркімге ыстық еді. Әрбір оқушының майданда әкесі, ағасы, апасы болды. Оқушылар Кеңес жауынгерлеріне көмектесе отырып, Отанды оларша сүюді үйренді. Жауынгер Васильевтің қызы оқитын осы мектептің 3 "е" сынып оқушылары да майданға хат жолдады. "Біз сіздің қызыңыз Ида оқитын сынып оқушыларымыз, жақсы оқи отырып, біз майданға да көмегімізді аямаймыз. Біз жауынгерлерге жылы киім жинадық және эскадрилия тұрғызуға ақша қорларын жинап тапсырдық. Біз Иданы өте жақсы көреміз. Ол жақсы оқушы және жақсы жолдас, белсенді пионер",- деп әкесіне жігер берді. Сыныптың озат алты оқушысы қол қойған хат майданға жалынды сәлеммен ұшып кетті.
Майданға жолдаған хат жолдарында пионерлер өздерінің майданға қолдарынан келгенше көмек жүргізіп жатқанын, әсіресе, өздерінің металлолом сынықтарын тапсыру туралы және ақша қорын РКК-ның келе жатқан мерекесіне танк колоннасын салуға жұмсап жатқандығы туралы жазды. Мектеп оқушылары майданға жолдаған хаттарында тылдағы ерен еңбекті баяндаса, майдандағы жауынгерлер ұрыстағы ерлік істерін жазды. Жауынгерлердің ерлік пен жігер, батырлыққа толы хаттары оқушыларға үлкен қайрат берді. Олар тылда майдандағы жауынгерлердің ерлігіне сай еңбек етуге жігерленді. Майданнан хат алып, хат жолдаған мектеп оқушылары көп болды. Қалалық Ленин атындағы мектеп оқушылары сол жылдары №48898 әскери бөлімінен хат алды. Хаттың соңында комсомол хатшысы Григоренко, бюро мүшесі Кирилин, Кузнецов қол қойған үшбұрыш хат келіп жатты.
Майдан мен тылдың бірлігін насихаттаған мақала 1943 жылы 17 ақпанда "Казахстанская правда" газетінде жарияланды.
Майдан мен мектеп соғыс жылында осылай берік жалғасып, ортақ жаумен бірлесе күресе-тінін көрсетті.1942 жылы Қызылорда мектеп оқушылары жылы киім жинауға белсене араласты. Мұндай жұмыстарға белсене араласу әрбір оқушының Отан алдындағы үлкен борышы болып есептелді. Облыс бойынша сол жылдары 90 мың жылы киім 9 вагонмен майданға қарай жол тартты. Осындай жұмыста №14 Теміржол мектеп оқушыла-рының үлесі зор болды. Оқушылар қабылдау пунктіне 42 пар жылы шұлық, 12 пар жүн қолғап, фуфайка, екі жылы шарф және тағы басқа көптеген жылы киімдер тапсырды.
Соғыс жылдарында Кеңес жауынгерлері заманға лайық қару-жарақпен қамтамасыз етілуі керек болды. Ол үшін металл қорын көп өндіруге тура келді. Қала мектебінің оқушылары бұл іске де бір кісідей жұмыла кірісіп, 60 тонна металл сынықтарын жинады. Алда кеңес жауынгерлерін киіммен, қарумен қамтамасыз етумен бірге астықпен де қамтамасыз ету міндеті тұрды. Кешегі шат өмірдегі жай-дары балалардың соғыс уақытында есейгендері байқалды. Олардың бойында фашистік Германияға деген кек бар еді. Ол кегін оқушылар тылдағы жемісті еңбегімен алып отырды. Әр бала майданнан әкесінің, ағасының келуін, соғыстың жеңіспен аяқталуын күтті. Күтіп қана қойған жоқ, сонымен бірге жалын атқан жас ғұмырлар сол жеңісті жақындата түсті. Қызыл Армияны астықпен қамтамасыз ету үшін тыл еңбеккерлерімен бірге мектеп оқушылары да бір кісідей егін егуге кірісті. Колхозшыларға жұмыс күші өте қажет болды. Осындай уақытта мектеп пионерлері, комсомолдары білек сыбана көмекке келді, жоғары сынып оқушылары трактор жүргізуді үйреніп, өздерін егіс даласында саналы түрде жұмыс істей алатындығын көрсетті.
Соғыс жылдарында Орталық Комитет және Совнаркомның егіс даласында еңбек күнін ұзарту туралы қаулысы шықты. Сол қаулыны қолдаған Қызылорда қаласының 15 жастағы мектеп оқушылары 80 еңбек күнін орындауға, 16 жастағылар 100 еңбек күнін орындауға міндеттеме қабылдады. Бұл бастаманы облыстың барлық мектеп оқушылары қолдады. 1942 жылы 4 маусымда республикалық газетте Жамбыл облысының қаладағы "Октябрь Революциясы" атындағы мектеп оқушыларының колхозға көмек көрсетуді арттыру мақсатымен республика пионерлеріне үндеу хаты жарияланды. Осы үндеуге жауап ретінде Қызылорда қаласы мектептерінде оқу жылы-ның аяқталуына байланысты салтанатты жиналыс болып, онда мектеп оқушылары мен пионерлері колхоз-шыларға көмекке аттануға үн қосты. Олар облыс колхозшыларына көмектесе отырып, жақсы егін жинап алуға міндеттенді. Мұндай бастамаға үлкен ерлік пен жігер керек еді. Осындай ерлік пен жігер кеңес оқушыларының әрқайсысында болды. Олар жеңіс үшін аянбай еңбек етуге міндеттенді. Бұл олардың Отан алдындағы үлкен борышы еді. Оқу жылы аяқтала салысымен мыңдаған мектеп оқушылары бір кісідей егіс даласына аттанды. Қаладағы Ворошилов атындағы мектеп оқушылары мен пионерлері "Огородник" колхозында еңбек етті.
Егіс даласында күні-түнгі жұмыстармен қатар пионерлер мен мектеп оқушылары Ке¬ңес жауынгерлеріне жылы киім жинау жұмысын тоқтатқан жоқ. 1942 жылдың тамыз, қыркүйек, қазан айларында Қызылорда қаласы мектеп оқушылары 16805 жылы киімдік заттар, солардың ішінде 862 қысқа тон, 3267 пар пима, 1880 шапка, 2640 пар қолғап және 4337 кг. шерст жіптерін жинап, майданға жіберді.
Егіс даласында еңбек ете отырып оқушылар көркемөнерпаздар үйірмелеріне қатысып, өз өнерлерін көрсетіп отырды. Иә, жақсы өлең мен жыр еңбек табысының көрінісі бола білді. Балалар өнерлерімен үлкендерді жігерлендіре түсті десек қателеспейміз. 1942-1943 жылдың қорытындысы бойынша оқушылар егіс даласындағы патриоттық қозғалысында үлкен жауапкершілікпен 11 мың мектеп оқушысы және 1475 мұғалім облыстың колхоздарында еңбек етті. Жыл бойғы еңбек қорытын-дысында 14232 гектар жерден өнім жинады, 682 гектар жерден шөп орылып, Отанымыз-дың қорғаныс қорын нығайтты. Мектеп оқушыларының еңбек вахталарындағы жұмыстарын бағалай отырып, қалалық Горький атындағы, Ворошилов атындағы мектеп оқушылары грамоталармен марапатталды.
1944 жылы майданға көмек одан әрі жүргізілді. Батыстан жеңіс желі сезіліп жатты. Мектеп оқушылары Қызыл Армияның 26 жылдық мерекесін атап өтуге қызу кірісті. Осыған байланысты Қызылорда қалалық Ворошилов атындағы мектеп оқушылары кеш өткізді. Олар жаңа өлеңдер мен әндер жаттап орындады. Оқушылар мен оқытушылар майданға көмек ретінде 3 мың сом ақша жинап жіберді. Жаңақорған ауданының "Қызыл Жұлдыз" колхозында жұмыс күшінің жеткіліксіздігінен күріш жинау жұмыстары нашар жүргізіліп жатқан кезде де көмекке қалалық мектеп оқушылары келді. 1943 жылғы мектеп оқушыларының социалистік жарысының қорытындысы 1944 жылы шығарылды. 2000 сом ақшалай сыйлық және грамота Казақ ССР қаулысымен біздің жерлестерімізге берілді.
Ұлы Отан соғысы аяқталған соң да сол жеткіншектер бейбіт еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында аянбай еңбек етіп, кеңестік патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетті.
Қандай соғыс болмасын, адам баласына қайғы мен қасіреттен басқа ешқандай жақсылық әкелген емес. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, 60 миллионнан астам адамның өмірін жалмаған сұрапыл сұм соғыс Кеңес үкіметін де айналып өтпеді. Осы орайда діні, ділі, тілі бөлек он бес одақтас мемлекет, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұдырықтай жұмылып, фашистік басқыншыларға қасқа-йып қарсы тұрды. Бұл жеңіс бізге оңайлықпен келмеді. Кеңес үкіметі 30 миллионға жуық халқынан айырылды.
Соғыстың бастапқы жылдары КСРО-ның экономикалық жағдайы және әскери қару- жарақпен жабдықталуы Германиямен салыстырғанда әлдеқайда артта еді. Соған қарамастан "елім, жерім" деген Кеңес үкіметінің халқы қолында қаруы болсын-болмасын, отан алдындағы борышын өтеу үшін немістік фашистердің көзін құртып, елін қорғауға қан майданға аттанды. Осы соғыста жеңіске жетуімізге қомақты үлес қосқан, тыл еңбеккерлерінің сіңірген еңбегі орасан зор. Майдандағы жауынгерлерді азық-түлікпен, жылы киіммен, оқ-дәрімен қамтамасыз еткен тыл еңбеккерлері болды. Тыл жұмысының ауыртпашылығы, колхоздар мен совхоздарда қалған қариялар мен әйелдердің және балалардың мойнына жүктелді. Жұмыс уақыты таңғы 5-тен түнгі 10-ға дейін ұлғайтылып, тыл еңбеккер-лері жеңіс үшін аянбай қызмет етті.
Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісі адамзатты фашизм қаупінен құтқарды. Қазақ халқының бұл жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бостандықты қорғаған қазақстандық батырлардың есімі әрқашан ел есінде сақталады. Қазіргі таңда қаншама елдің бірлігінің бұзылған уақытында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан біздер, шынымен де бақыттымыз. Бұл тәуелсіздік біздің Ота-нымызға берілген тәңірдің сыйы, сол тәуелсіздікті нығайту жолында қазіргі жас ұрпақты туған елінің, жерінің тарихын оқыта отырып, отаншылдыққа тәрбиелеу - біздің басты борышымыз. Сол арқылы Елбасының "Мәңгілік ел" идеясының салтанат құруына, ұлттық тарихқа құрметпен қарауға, ұрпақтар арасындағы сабақ-тастықтың берік жалғасуына өз үлесімізді қосамыз.
Ләззат ЖҰМАБЕКОВА,
Жаңақорған ауданы