Аралда мерекеге орай аламан бәйге өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жеңіс жалауын желбіреткен майдангерлерді аралдықтар да ұлықтап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ауданда аламан бәйге өтіп, төрт аяғын тең басқан текті жануарлардың 50 шақтысы теңіз жағасындағы даланың шаңын қақты. Аралдың атшабарына өңірден бөлек Түркістан облысы мен Шымкент қаласының да атсейістері жиналған. Аламанның алдындағы тай жарыста Сырдария ауданының «Алтынтайы» өзгелерден оқ бойы озық келді. 10 шақырымдық құнанжарыста Шымкенттің «Турнир» деп айдар таққан жануары өзгесін шаң қаптырды. 15 шақырымдық топ бәйгеде Түркістан облысының «Ерторысы» мәре сызығын алғаш болып кесті. Ал аламан бәйгеде шымкенттік «Дастархан» атаулы жануар 20 шақырымға көсіле шауып, алдына қара салған жоқ.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ат бәйгелері жылда өткізіліп келеді. Биылғы жарыстың жалпы жүлде қоры 2 млн 445 мың теңгені құрап отыр. Қаржы жергілікті бюджеттен 3 жылдан бері бөлініп келеді. Тай жарысында бас жүлде – 100 мың теңге, құнан жарысында – 150 мың теңге, топ бәйгеде 200 мың теңге, ал аламан бәйгеге 600 мың теңге», - дейді Арал аудандық спорт бөлімінің басшысы Толыбай Әлжанов.