Жасанды ет расында да экономикаға ауыр соққы бола ма? – зерттеу
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Францияның Slate.fr басылымы жасанды еттің экономикалық және медициналық апатқа ұшырататыны анықталған зерттеулер туралы мақала жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлем бойынша ет нарығының айналымы жылына 180 млрд евроны құрайды», дей келе автор алты жыл бұрын Голландия ғалымдары жасанды ет өнімдерін жасап шығарғанын жазады.
«Қазір түрлі зертханаларда жануарлар клеткасынан жасалған жасанды ет шығару қалыпты тәжірибеге айналды. Түріне қарағанда еттен аумайтын мұндай өнімдер шығаруға 250 мың евро кетеді. Жануарларды өлтірмей ет алу бүгінгі таңда ғылыми фантастика саналмайды. Бұл салаға тіпті құйылып жатқан инвестиция да көбейіп жатыр. Ричард Брэнсон, Билл Гейтс, Леонардо Ди Каприо сияқты танымал адамдар да осы секторға ақша салып жатқаны белгілі», деп жазады басылым.
Автордың айтуынша, жасанды еттен бургер жасайтын алғашқы компания Голландияда ашылған. Бұл компания 2021 жылы өнімдерін көпшілікке қолжетімді етіп, бір бургерді он евроға сататынын хабарлады.
«Бұл саланың мақсаты - ет өнімдерін арзандату. Жасанды ет өндіруші компания өнімді ет түріне байланысты орташа есеппен қырық төрт күнде алады. Ал сиыр етін алмас бұрын оны ең кемінде бірнеше жыл өсіру керектігі белгілі», деп жазады басылым.
Автордың айтуынша, жасанды ет экологиялық фактор нәтижесінде пайда болған.
«Дегенмен, жасанды етке күмәнмен қараушылар көп. Сонымен қатар жасанды ет өндірісіне түрлі химикаттар пайдаланылады. Бұл медициналық тұрғыдан кері әсерін тигізетіні анық. Ал арзан өнім ретінде жасанды ет экономика саласына да ауыр соққы болады», деп жазады автор.