Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қызылорда облысы әйелдерінің тылдағы еңбегі
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Ұлы Отан соғысы уақытындағы халықтың тылдағы еңбегі майдандағы жауынгерлердің еңбегімен тепе-тең келетіндігі де даусыз. Оның ішінде тек ауыр өнеркәсіп жұмыскерлері ғана емес, ауыл шаруашылығы саласының егіншілері мен малшылары, жеңіл өнеркәсіп мекемелерінің жұмысшыларының қосқан үлесі аса жоғары бағаға лайық. Соғыс жылдары Қазақстан халқының өз еріктерімен майданға көмек ретінде өрістеген патриоттық қозғалысқа қатысып, әскери техника мен қару-жарақ жасатуға жеке меншік қаражаттарын, алтын, күміс және басқа да асыл заттардан жасалған әшекей бұйымдарын қорғаныс қорына өткізген.
1941 жылы маусым айының аяғына қарай Қарағандының мыңнан астам шахтерлері демалыс күні демалудан бас тартып, жұмысқа шықты, сөйтіп ең жоғарғы еңбек өнімділігін көрсетті. 1-шахтаның жұмысшыларының әрқайсысы 35 тоннадан көмір өндіріп, нормаларын 230 процентке орындады. Шахтерлердің әйелдері де өз үлестерін қосты. Горький атындағы шахтада алпыстан астам үй шаруасындағы әйел еңбек етіп, өздері тапқан 1000 сомды қорғаныс қорына аударды [1, 15 б.].
Соғыс жылдарында Қызылорда облысының әйелдері күштері мен денсаулығын аямай, жанкештілікпен еңбек етті. Олар соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ шаруашылықтың барлық салаларында майданға кеткен азаматтардың орнын басты. Облыстық партия комитеті 1941 жылғы 3 шілдеде «Өнеркәсіп орындарында, мекемелер мен ұйымдарда маман жұмысшы әйелдер даярлау шаралары туралы» қаулы қабылдады. Ұйымдар мен мекемелерде тез арада өндірістен қол үзбей, қысқа мерзімді курстарда маман жұмысшылар даярлау міндеті қойылды. 1941 жылдың маусымынан желтоқсанға дейін курс бітірген 2357 қыз-келіншектер токарь, слесарь, тракторист, шофер, комбайнер мамандығына ие болып, жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, вагон, паровоз жөндеу деполарының жанынан ашылған курсты бітірген 33 әйел жол дистанцияларында жол күзетшісі, аға жол жөндеуші болып жұмыс атқарған. Әйелдер жаңа мамандықтарды тез меңгерді. Облыста қыздар мен келіншектер трактор, комбайн, автокөліктің руліне отырды. Қызылорда қаласы қыздарының бастамасымен ұйымдастырылған ең алғашқы шоферлар курсында 37 қыз оқыды. Көп ұзамай бұл бастаманы қуаттаған облыстың 700 қызы комбайндар мен тракторларды тізгіндеуге аттанды.
1942 жылы 1 тамызда әйелдерден 4336 маман еңбеккерлер дайындалды, олардың 3241-і қазақ әйелдері болды. Соғыс жылдарында жұмысшылар мен колхозшылар құрамында әйелдер саны күрт өсті. Облыс колхоздарының егіс даласында 14 мыңнан аса әйелдер еңбек етті. Соғысқа дейін 8 әйел колхоз басқармасының төрағасы болса, 1943 жылы олардың саны 17-ге жетті. Басқарма төрағасының орынбасарлары болып 34 әйел жұмыс істеді. Соғысқа дейін 86 әйел далалық бригадалардың бригадирлері болса, 1943 жылы 198 әйел бригадир, 1344 әйел [2, 222 б.]. 1942 жылы 1 тамызына дейін әйелдерден облыс бойынша 4336 маман еңбеккерлер дайындалып, олардың 2341-і қазақ әйелдері болды. Партия ұйымдарының ұйымдастыруымен халық шаруашылығында еңбек ететін әйелдердің саны күрт артты. Өндірісте еңбек ететін әйелдер 1942 жылы 41 пайыздан 1945 жыл 50 пайызға, темір жолда 23 пайыздан 40 пайызға көбейді.
Тереңөзек ауданы «Қызылөзек» колхозындағы Қалтай Мақашева соғыстың алғашқы жылындағы астық жинауда өзінің жоспарлы тапсырмасын 250 пайызға дейін орындады. Сондай-ақ Қармақшы ауданының «Қызыл жұлдыз» колхозының звено жетекшісі Күлипа Өтегенова да өзінің жоспарлы тапсырмасын екі есеге жуық орындап, аудан бойынша астық қабылдау пунктіне бірінші болып астық өткізді. Соғыс кезінде тылда атқарылған ауқымды жұмыстың бірі канал қазу болды. 1941 жылы үлкен су магистралы Шиелі каналының екі кезектегі жұмысы жүргізілді. Осы жұмыстың нәтижесінде аудан колхоздарының егіс көлемі артты, ғасырлар бойы тың жатқан небір шұрайлы жерлерге егіс бітік шықты. Каналды қазуға 1485 адам тартылды, оның ішінде әйелдердің үлесі зор. Қазалы ауданыныдағы канал құрылысы Республикадағы қазылған каналдардың үлкені болды, ұзындығы 60 шақырымға жуық, 3,5 кубометр топырақ шығарылуы керек болатын. Канал қазу жұмысында «Бозкөл» колхозынан Аймаханова 5,5, Тасығұлова 25,5 кубометр жер шауып, ерен еңбектің үлгісін көрсете білді [3, 208 б.].
Жоғарыда келтірілген фактілер Қазақстанда еңбекші әйелдердің қорғаныс қорына ақша жинау патриоттық қозғалысына белсенді қатысқандығын, жеңіске өз үлестерін қосқандығын дәлелдейді.
Әдебиеттер:
1. Байсеркеев Л. Майданды демеген қуатты күш. А., 1974.-154 б.
2. Капанова А.Ж. Отты жылдардағы ерлік пен еңбек. Саяси қуғын- сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы аясындағы халықаралық форумның материалдары.-Жезқазған, 2016. -219-223 бб.
3. Баймурзаева Е. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен Қызылорда облысындағы әйелдердің рөлі мен атқарған қызметі. Саяси қуғын- сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы аясындағы халықаралық форумның материалдары.-Жезқазған, 2016. -205-208 бб.
Ж.А.Карсыбаева., т.ғ.к., доцент
А.Д.Утебаева г.ғ.м., аға оқытушы
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,
А.Д.Утебаева г.ғ.м., аға оқытушы
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,