Қажылыққа баратындар міндетті түрде менингококк инфекциясына қарсы вакцинациядан өтуі қажет
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жыл сайын қажылыққа әлемнің 160 елінен 2 миллионға жуық адам қатысады, оның ішінде 3-4 мың адам - Қазақстан Республикасынан барады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz.

Сауд Арабиясы коронавирустық инфекция, менингококк инфекциясы бойынша қолайсыз ел болып табылады.
2018 жылы менингококк инфекциясымен сырқаттанудың өсуі байқалған, ол Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Сол кезеңде менингокк инфекциясының 96 расталған жағдайы тіркелді, оның 15 жағдайы өліммен аяқталды. Инфекцияның өршу себебі тұрғындардың медициналық көмекке кеш жүгінуі, өзін-өзі емдеуі болды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша 2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін әлемде таяу шығыс респираторлық синдромының коронавирусымен сырқаттанудың 2103 зертханалық расталған жағдайы тіркелген, оның ішінде 730-ы өліммен аяқталған, оның 80 пайыздан аса - Сауд Арабиясында.
2000 жылдары қажылық кезінде менингококк инфекциясының өршуіне байланысты Сауд Арабиясы Корольдігінің Денсаулық сақтау министрлігінің адамдардың қажылыққа дайындалу мәселесіне қоятын маңызды талабы – ол дәрігердің қорытындысы бар медициналық тексеру және міндетті түрде менингококк инфекциясына қарсы вакцинациялау.
Менингококк инфекциясына қарсы вакцинация еліміздің 8 өңірінде (Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында) жүргізіледі, қазіргі уақытта қажылыққа баратын адамдарға егілетін вакцина өңірлерге жеткізіліп жатыр, оны биылғы жылғы 15 мамырдан бастап алуға болады (вакцинаның 1985 дозасы), сондай-ақ маусымның бірінші жартысында менингококк инфекциясына қарсы тағы да вакцинаның 6000 дозасы қосымша жеткізілетін болады.
Қажылық кезінде адамдар көп жиналатын орындарда болған кезде жеке профилактика шараларын есте сақтау керек:
- қолды сабынмен жиі жуу, дезинфекциялайтын салфеткаларды пайдалану;
- жөтелген және түшкірген кезде салфетканы пайдалану;
- ауырған адамдармен байланысқа түспеу және олардың жеке заттарын пайдаланбау;
- адамдар көп жиналатын жерлерде мүмкіндігінше бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалану;
- түйелер көп жиналатын жерлерге жақындамау және олармен тікелей байланысқа түсуді болдырмау;
- қайнатылмаған және пастерленбеген түйе сүтін пайдаланбау, сондай-ақ ұйымдастырылмаған сауда орындарынан тамақ өнімдерін сатып алмау;
- сырқаттанудың кез келген белгісі пайда болған кезде дәрігерге бару;
- сапардан қайтып келгенде және аурудың кез келген симптомы (қалтырау, температураның көтерілуі, сырқаттану, тамақтың ауыруы және басқасы) пайда болса, дәрігерге қажылыққа барғанын айтып, тез арада медициналық ұйымға бару қажет.