Джеки Чан жаңа фильмін Қазақстанда түсіруді жоспарлап отыр
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Фильмнің продюсері мен Джеки Чан осы айда Нұр-Сұлтанға келеді деп күтілуде. Ал маусым айында команда локацияларды таңдап, қыркүйек-қазан айларында түсіруді бастауды жоспарлап отыр, деп хабарлады BAQ.KZ.

"Сіздерде әртүрлі географиялық орындар бар: дала, орман, таулар. Түсірілім үшін бұл өте қажет", - деп атап өтті Джеки Чан.
Танымал актер алғаш рет Қазақстанға 2017 жылдың жазында келіп, қытай киносы фестивалінің ашылу рәсіміне қатысқан болатын.
"Сіздерге келгенге дейін мен Қазақстан туралы естігенмін. Димаш Құдайбергенге үлкен рахмет. Ол маған осы елдің халқы, мәдениеті мен табиғаты туралы көп қызықты жайтты айтып берді. Менің Қазақстанда жанкүйерлерімнің көп екеніне қуаныштымын", - деді Джеки Чан.
Осы жылдың сәуір айында Бейжіңде Джеки Чан мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуі өтті. Әңгіме барысында қытай актері алдағы шығармашылық жоспары және киноиндустрия саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдары туралы ой бөліскен еді.