Тың тәжірибе жаңашылдыққа жетелейді
oldkaz.kyzylorda-news.kz.Мемлекет басшысының барша қазақстандықтарға арнайтын жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында білім беру саласын дамытудағы басым бағыттар, оқыту жүйесі, педагог мәртебесі және жаңа технологияларды енгізу жайы назардан тыс қалған емес.
Негізгі басымдық ретінде жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектесетін ІТ-саласы таңдалды. Осыған орай барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында 3D-лабораториялармен, робот техника құралдарымен жабдықталған балалар технопарктері желісін қалыптастыру тапсырылған болатын.
Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасына сәйкес алдыңғы жылы аймақтың бюджетінен 167,7 млн.теңге бөлініп, барлық оқушылар үйлері мен инновациялық мектептер, ал былтыр қарастырылған 308,6 миллион теңгеге 92 білім ордасының арнайы кабинеттері жабдықталды. 2018 жылы өңірдегі оқушылар үйлерінен “3D-модельдеу” және “Цифрлық білім беру лабораториясы” кабинеттерін жасақтауға 87,7 млн.теңге жұмсалды.
Қызылорда қаласындағы қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы (Оқушылар үйі) “IT-Imaqorda” балалардың технопаркі ретінде жаңаша қалыптастырылғанын айрықша атап айтқан абзал. Бұл бағытта жергілікті қаржы қорынан 60,0 млн.теңге бөлініп, он екі бағыт бойынша мектеп оқушыларын көптеп тарту кеңінен жүргізілуде. Оның ішінде: радиоэлектроника және практикалық электротехника; роботехника және 3D-моделдеу; авто, мото-моделдеу; алғашқы техникалық модельдеу; 3D-макеттік студия; 3D-визуализация, жобалау және VR/AR бағдарламалау; архитектуралық дизайн; биология және биотехнология; мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған дамыту орталығы; химии, биологии және физика 3D-зертханалары; «PUBLICKZO media»-кабинеті; 3D-ИЗО студия кабинеттері бар. Ұтымды ұйымдастырылған барлық үйірмелерде ІТ-технологиялары тиімді қолданылып келеді.
“IT-iMAQORDA” балалар технопаркі – оқушылар үйлері арасындағы тірек білім беру ұйымы болып саналады және облыс көлеміндегі оқушылар үйлерінің педагог қызметкерлеріне тәжірибелік көмек көрсететін алаң ретінде белгіленген.
Келесі кезекте басқа да оқушылар үйлерінің базасында кезең-кезеңімен балалар технопарктерінің желісін қалыптастыру бағытындағы нақты шаралар жалғасуда. Ресей Федерациясының “Кванториум” балалар технопарктерін қалыптастыру тәжірибесі пайдаланылып, бірыңғай атаумен (мысалы:“it-imaq-аral”,“it-imaq-kazaly” және тағы да басқа) және бірыңғай оқу бағдарламаларымен оқытылатын үйірмелер ұйымдастыру мақсаты тұр.
Қазіргі уақытта өңірлік басқарма жанындағы облыстық оқу орталығы жанынан ІТ-бағытындағы үйірме жетекшілерінің бірлестігі құрылып, оқу бағдарламалары әзірленуде. Бұл бағдарламалар барлық оқушылар үйлерінде ортақ пайдаланылуға ұсынылып, бірыңғай жүйемен оқытылатын болады. Атқарылып жатқан ілкімді істерге қосымша өткен жылдың 18 мамырында Қызылорда қаласындағы “НұрСәт” теннис орталығында мектеп оқушылары арасында робототехника бағыты бойынша “Robo Fest – 2018” облыстық фестиваль өткізілді. Бұл бәсірелі байқау биыл да жарасымды жалғасын табатындығы жоспарлануда.
“Нұр Отан” партиясы Елбасы Жолдауынан туындайтын бастамаларды нақты жүзеге асыру міндетін қойды. Оның ішінде “Балаларға арналған ақысыз ІТ-сыныптар” жобасы бар. Басты мақсат – балалар үшін қазіргі заманғы ІТ – технологияларды қолдану арқылы білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасымен қамтуды кеңейту және әсерін күшейту. Барлық ІТ-бағытындағы үйірмелер “НұрОтан” партиясының осы “Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар” бастамашыл жобасы аясында кеңінен пайдаланылуда.
Жоба аясында ашылған ІТ-сыныптарға 8-16 жас аралығындағы балалар қамтылған. Олар еуропалық білім беру стандарттары бойынша қарапайым алгоритмдер жасау, бағдарламалар мен веб-сайттар жасау, компьютерлік ойындар мен 3D-анимациялар құру дағдыларын үйренуде. Өткен жылы он үш білім беру ұйымында (4-мектеп, 9-оқушылар үйі) ІТ-сыныптар ашылса, биыл жиырмасы ұйымдастырылады. Келесі жылы жиырма екісі ашылмақ. Жалпы алғанда жоба бойынша үш жылда 18 мыңнан астам оқушы қосымша білім алатындығы жоспарланып отыр.
Үйірмелерде сабақ беретін IT-мамандардың біліктілігін арттыруға да баса мән берілген. Былтыр екі бағыт бойынша курс өткізуге облыстық бюджеттен 10,0 млн.теңге қарастырылса, биыл қырық мұғалім білімін жетілдіреді. Бірінші бағыт- 3D-анимация, компьютерлік мультфильмдер мен “3ds Max” бағдарламасында жұмыс жасау, екінші бағыт-HTML5 және CSS3, Java және PHP бөлімдерін қамтитын веб-бағдарламалауға арналады. Қырық ұстаздың он сегізі келесі деңгей бойынша қосымша білім алды. Алдағы жылы тағы да қырық ұстаз оқытылатын болады. Сонымен қатар облыстағы білім беру ұйымдарының 150 мұғалімі “Робототехника” бағытындағы курстан өтті.
Жалпы білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінің мазмұндық жаңаруымен, қосымша білім беру саласын да қатар жетілдіру ұшқыр уақыттың заманауи талабы. Қызылорда облысы көлеміндегі оқушылар үйлерінің материалдық-техникалық базасын қайта қарау, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту бұлардың бәрі балалар технопарктерін қалыптастырудың алғы шарты санатында.
Атқарылған ауқымды жұмыстар қосымша білім беруді дамытуға және балалардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасауға, сол арқылы оқушылар арасындағы құқық бұзушылық пен оқыс оқиғалардың санын азайтуға өз септігін тигізетіндігі даусыз.
Майра МЕЛДЕБЕКОВА,
Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы
Білімді ел