Білім басқармасының басшысы мектеп оқушыларына интерактивті ашық сабақ өткізді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова Қызылорда қаласындағы Еркін Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатының 8-сыныбына «Алгебра» пәнінен «Статистика. Жиілік алқабы, жиілік гистограммасы» тақырыбында ашық интерактивті сабақ өткізді, деп хабарлайды «Білімді ел» сайты.
Сабақтың ерекшелігі – Алгебра сабағы «Марафон» электронды оқыту бағдарламасына негізделген және жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес дайындалған. Әрі информатика пәнімен кіріктірілумен маңызды. Сабақта оқушылар жеке, топтық формада жұмыс жасап, тапсырмаларды компьютерде орындады. Сабаққа барлық оқушының толық қатысуына мүмкіндік беріліп, барлық оқушы үшін қалыптастырушы бағалау жұмыстары жүргізілді.
Сабақ барысында оқушылар статистика туралы кітаптағы мәліметтермен шектелмей, Ұлттық білім беру деректер қорындағы статистикалық мәліметтермен, сонымен бірге PISA халықаралық зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстанның және Қызылорда облысының көрсеткіштерімен танысып, PISA мазмұнындағы есептерді шығарды. Өмірмен байланыстырылған статистикалық мәліметтерге тапсырмалар құрастырып, талдады, қорытындылады.
Өткен білімді өзектендіру үшін 7–8 сыныптардағы статистика тарауы бойынша білімдерін пысықтау, еске түсіру мақсатында оқушыларға келесі бағыттыр бойынша тапсырмалар ұсынылды: математикалық статистика; математикалық статистика әдістері; математикалық статистиканың негізгі міндеті; статистиканың теоретикалық негізі; статистиканың зерттеу объектісі; статистика термині; статистика бөліктері; статистикалық деректер.
Сабақ барысында «Bilimland» цифрлық білім беру ресурстарының және Ұлттық білім беру деректер қорының статистикалық материалдары пайдаланылды. Соңында рефлексия жасалып, оқушылар өзін–өзі бағалауға және бірін–бірі бағалауға мүмкіндік алды.
Ашық сабаққа облыстағы жеті аудан мен Қызылорда қаласының басқа да мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері sabak.kz интерактивті сабақ өткізу жүйесі арқылы on–line режимінде қатысып, Қазалы және Жалағаш, Шиелі аудандарының оқушылары кері байланыс аясында пікірлерімен бөлісті.
«Жалпы алғанда, негізгі мақсатымыз – жаңартылған білім беру мазмұнына көшу нәтижелілігіне қол жеткізу, «мұғалімнен – басшыға дейінгі» аралықтағы білім беру жүйесінің әрбір қызметкерінің қосқан үлесін арттыру арқылы тиімділігін қамтамасыз ету, әдістемелік тәжірибемен бөлісу болып табылады. Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесінде барлық білім беру ұйымдары қызметінің бірізділігін сақтау және жұмысының жүйелілігін қамтамасыз ету аймақтағы білім беру жүйесінің басты мақсаты болып қала бермек, – деді сөзінің соңында облыстық білім беру басқарасының басшысы Майра Тұрғанбайқызы.
Елімізде білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында орта білім беру жүйесінде 2016 жылдан бастап, республикадағы Назарбаев зияткерлік мектептері тәжірибесі бойынша жаңартылған білім беру мазмұнына көшу басталған болатын. Орта білім беру жүйесін реформалаудың қорытынды кезеңі ретінде де – Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін бірыңғай стандарт қолданылатындығы нақты белгіленген.
Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасымен Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін облыстағы білім беру ұйымдарына тарату осыдан төрт жыл бұрын басталып, нәтижесінде 46 инновациялық мектептер желісі қалыптасты. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу бағытында пән мұғалімдерінің 75 пайыздан астамы біліктіліктерін арттырса, Назарбаев зияткерлік мектептері тәжірибесіндегі деңгейлік бағдарлама бойынша көшбасшылық курстарда облыстағы мектеп директорларының 92, олардың орынбасарларының 60 пайызы біліктіліктерін жетілдірген болатын. Бұл орта білім беру жүйесін жаңартуды жүйелі түрде сатылай енгізуді сапалы жүргізуге үлкен мүмкіншілік берді. Пән мұғалімдері мен әдіскерлерді оқытып қана қоймай, Министрлік білім беру саласына басшылық жасайтын әр деңгейдегі атқарушы орган басшыларын оқытуды да назарға алды.
Үстіміздегі жылдың ақпан-наурыз айларында «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы базасында облыстардың білім басқармаларының және барлық аудандық білім бөлімдерінің басшыларына арналған жаңартылған білім мазмұнын енгізу, білім берудегі менеджмент және көшбасшылық бойынша арнайы біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылды. Қызылорда облысы бойынша да облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова, барлық білім бөлімдерінің басшылары біліктілік арттырды.
Негізгі бағыт – жаңартылған білім беру мазмұнына көшудің ерекшеліктерін ескеріп, адам ресурстарын басқарудағы жаңа міндеттерді айқындау, білім беру процесінің мазмұны мен ұйымдастырудағы сабақтастықты қалыптастыру.
Алдағы уақытта білім беру жүйесіндегі әрбір қызметкердің, мектеп директорының, басқару органдары басшыларының жаңартылған білім беру мазмұнына көшудің табысты жүзеге асырылуына ілкімді ізденістері мен тағылымды тәжірибелерін үлгі ретінде көрсетіп, жеке үлестерін қосулары үшін басқарма басшысының бұл бағалалы бастамасы сенімді серпін беретіндігі даусыз.