Қызылорда облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 116 жоба жүзеге асырылуда
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру бойынша өңірлер рейтингісінде Қызылорда облысы (Шығыс Қазақстан облысынан кейін) екінші орында тұр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев атап өткендей: «мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бұл біріншіден – жергілікті бюджетке ауыртпалықты азайту, инвестиция тарту және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру. Ал инвестор үшін – ұзақ мерзімге тұрақты бизнес ашу».
"Қазіргі таңда аймақта 34 млрд.теңгеден астам қаржыға 116 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы жүзеге асырылуда. Оның ішінде 38 жоба бойынша 13,8 млрд. теңге сомаға келісімшарт жасалған. Облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары экономиканың барлық салаларында жүзеге асырылуда. Ауылдық жерлердегі жобаларға басымдық берілген, нақты айтқанда жобалардың жалпы санының 67% тиесілі. Бұл ретте кірістің ішкі нормасының IRR - өлшенген көрсеткіші қолданылады. Жобалар бойынша орташа көрсеткіш 11% құрайды, бұл республикада ең үздік көрсеткіштің бірі болып табылады", - деді аймақ басшысы селекторлық режимдегі Үкімет отырысында.
Мәселен, облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сәтті жүзеге асырылған жобалар қатарында 2017 жылы ашылған, бір ауысымда 400 адам қабылдайтын және 43 мың адам үшін диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін енгізуге мүмкіндік беретін жаңа емхананы айтуға болады. Бұл жоба бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана құрылысы бойынша концессиялық жобаның орнына іске асырылды. Осылайша, облыс 3,6 млрд. теңге сомасында бюджет қаражатын үнемдеп, 2 жылға арналған жобаны жедел түрде жүзеге асырып отыр.
Сонымен қатар, "жасыл экономиканы" дамыту аясында бірқатар әлеуметтік нысандардың қазандықтары жаңғыртылды. Биылғы жылы табиғи газға 31 әлеуметтік нысан көшіріледі (1 нысан пайдалануға берілді). Сондай-ақ, облыс орталығының жарықтандыру жүйесін жаңғырту жоспарлануда. Бұл ретте, жекеменшік серіктестікке төлемдер нысандарға бөлінетін қаржы мен оларды пайдалануға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен жүргізіледі. Бұл өз кезегінде энергия үнемдеу режиміне көшуге мүмкіндік береді.
Облыста жергілікті бюджеттен қосымша төлемдерді талап етпейтін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыруға басымдық берілген. Оның қатарында облыс орталығының қоғамдық көліктеріне электронды билет орнату, Қызылорда қаласында 730 орындық студенттік екі жатақхананың құрылысы және Қызылорда қаласы бойынша мектеп асханаларын сенімді басқаруға беру жобалары бар.