Қызылордада жолаушылар тасымалдайтын вагондар техникалық тексеруден өткізілмеген
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордада техникалық байқаудан өтпеген вагондардың жолаушылар тасымалдап жүргені белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Адал жол» жобалық тобы мүшелерінің темір жол вокзалы мен пойыздарға жүргізген рейді барысында төсек жабдықтарының ескі және гигиеналық заттардың жетіспейтіндігі анықталды.
«Ақмешіт – адалдық алаңы» кеңсесінің мүшелері көлік бақылау инспекциясы және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге №41 «Алматы – Атырау» жолаушылар пойызының 16 вагонында төсек-орын жабдықтарының 2 жылдан бері жаңартылмағанын анықтады. Ал талап бойынша 6 ай сайын ауыстырылуы қажет.
Сондай-ақ пойызда гигиеналық тазалық заттары жоқ, ауызсу қондырғылары орнатылмаған. Ең сорақысы, бір вагон техникалық тексеруден өткізілмеген.
«Зауыттық нөмірі 12002 деген вагон техникалық қызмет өткені туралы белгіленбеген. Вагонның «В8» деген кітабы болады. Сонда жазылмаған, қашан өткені көрсетілмеген. Бірақ рейске шығарған. Ол жолаушы тасымалдап жүр. Сондай қателіктер бар», - деді көлік бақылау инспекциясының бөлім басшысы Тимур Тұмабаев.
Дәл осындай кемшіліктер №56 «Қызылорда – Көкшетау» пойызында да анықталды. Жалпы, «Адал жол» жобалық тобы құрылғалы 37 билетсіз азамат әшкереленіп, 13 жолсерік әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ вокзалда жолаушылардан заңсыз ақша алып, билетсіз мінгізіп жіберетін 6 адам ұсталды.
«Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы аясында теміржол бағытындағы бүкіл компанияларды жинап 3 кездесу өткізді. Сол жерде осы мәселелерді талқылап, тиісті ұсыныстар айтылды. Билет болмай қалу мәселесі де агенттікпен қолға алынып жатыр. Бұл бағытта да біз үнемі мониторинг жүргізіп, тиісті ұсыныс беріп отырмыз», - дейді ҚР МҚІСЖҚІА департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев.
Санитарлық-техникалық талаптарды орындамай, билетсіз жолаушы мінгізген жолсеріктерге 1 миллион теңге айыппұл салынып, егер қайталанған жағдайда қызметінен аластатылады.