Қызылордалық полицейлер Ұлы Отан соғысы ардагерін мерекемен құттықтады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Арыстанғани Заппаров бастаған қызметкерлер Ұлы Отан соғысының ардагері Махамбет Бержанов мерейлі мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, қызмет бабында қайтыс болған полиция лейтенанты Талғат Қозыбаевтың отбасында болды.
Бүгінгі күні Ұлы Отан соғысының ардагері 94 жастағы Махамбет Бержанов Сырдария ауданында тұрады. Соғыс кезінде Забайкал әскери округі 36-шы армиясының 293-ші атқыштар полкінде Чита облысында әскери борышын атқарып, 1945 жылы жапон соғысына қатысқан.
Отставкадағы милиция полковнигі Маханбет Бержанов 1925 жылы Жалағаш ауданы Еңбекші ауылында дүниеге келген.
Ұлы Отан соғысы жылдарында «Жапонияны жеңгені үшін» I дәрежелі орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Кеңес милициясына – 50 жыл» медальдарымен наградталып, «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
1948 жылы майданнан оралғаннан кейін, осы жылдың маусым айынан бастап, 1953 жылдың наурыз айына дейін Жалағаш және Қармақшы аудандық милиция бөлімінің кіші жедел уәкілі лауазымынан бастаған. 1954 жылдың маусым айына дейін КСРО ІІМ-нің Алматы қаласындағы мектебінің тыңдаушысы болған. 1954 жылдың маусым-тамыз айлары Арал аудандық милиция бөлімінің №585 арнайы комендатурасының коменданты, 1963 жылдың ақпан айына дейін Арал және Жалағаш аудандық милиция бөлімінің аға жедел уәкілі, сонан соң Сырдария аудандық милиция бөлімінің аға жедел уәкілі және Сырдария аудандық милиция бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.
1975 жылдың мамыр айынан бастап, Қармақшы АІІБ-нің бастығы лауазымында қызмет атқарып, 1983 жылдың мамыр айында ішкі істер органдарынан құрметті демалысқа шыққан. Бүгінде ардагер немере-шөбере сүйген ардақты ата.
Маханбет Бержанов шаңырағында болған департамент бастығы Арыстанғани Заппаров ардагерді мерекемен құттықтады.
«Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан ардақты ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсету – өскелең ұрпаққа парыз. Сіздердің майдан даласында, тылда қосқан еңбектеріңіз өлшеусіз. Болашақ ұрпаққа сыйлаған бейбіт заман, ашық аспан, теңдесі жоқ ерліктеріңіз үшін жеке құрам атынан алғысымды білдіре отырып, өмірлік күш-қуаттарыңыз ұзағынан болсын!» – деді Арыстанғани Расылханұлы.
Ардагерлер Кеңесінің төрағасы полиция полковнигі Серікбол Тұңғышбай құттықтау сөз сөйлеп, департамент қызметкерлері дайындаған сый-сияпаттарын табыстады.
Айта кетерлік жайт, Қызылорда облысының Полиция департаментінде Ұлы Отан соғысының 2 ардагері, оларға теңестірілген 2 ардагер және 11 тыл еңбеккерлері қызмет атқарған.
Департамент қызметкерлері мұнан соң 25 жасында өшпес ерлік көрсетіп, II-ші дәрежелі «Айбын» орденінің иегері полиция лейтенанты Талғат Қозыбаевтың шаңырағында юолды. Сақшылар Талғаттың ата-анасына жылы лебіздерін білдірді.
Қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан Талғат Қозыбаевтың есімі Сырдария ауданының Мәлібаев ауылындағы көшелердің біріне есімі берілген. Сондай-ақ өзі оқыған №131 орта мектептің ауласына бюст орнатылған.