Бүгінгінің батыры
Жігіт әдетте қиындықта сыналады. Қоғамға, айналасындағы адамдарға қауіп төнгенде қара басын күйттемей, арашаға ұмтылса – нағыз азамат сол. Осындай қысылтаяң сәтте өзге үшін өз өмірін қатерге тігіп, қауіптен құтқарып қалған нағыз батырлары арамызда жүр. Сондай ерлік иелерінің бірі Данияр Қауышханов Тасбөгет кентінде тұрады.
Бұл оқиға бірнеше жыл бұрын Ғ.Мұратбаев көшесіндегі жеке тұрғын үйлердің бірінде болған еді. Әжесінің үйіне қонаққа келген Данияр көрші үйлерден будақтап шығып жатқан түтінді байқайды. Абыржыған жұрттан үйде бір жарым жасар сәби қалып қойғанын білген ол ойланбастан жалынға қойып кетті. Қалың түтін арасынан бесікте жатқан баланы тауып, сәби облыстық медициналық орталыққа жеткізілді. Аз ғана адам куә болған бұл оқиға жайлы елеусіз қалып қоюы да мүмкін еді. Алайда, жас құтқарушыны іздестірген әріпестеріміз оны М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінен тапты. Оқуда озат бозбала спортпен де тұрақты айналысатын болып шықты. Еленбей қала жаздаған ерлік иесінің есімі осылайша көпке белгілі болды.
-Менің орнымда бұл жерде басқа адам болса да дәл осылай жасар еді. Мен үйде бала қалып қойғанын естігенде құтқарудан басқа ойыма ешнарсе келмеді. Үйге кіргенімде бала жатқан бесік жанып жатқан терезенің алдында тұрды. Бесіктегі сәбиді шешіп, қолыма алғанда оның әлсіздігін байқадым. Содан соң оны терезе арқылы далаға шығарып, қайтар есікті таппай өзім де түтінге тұншығып, әзер шықтым, - дейді Данияр.
- Үйде бір жарым жасар немерем Мейіржан қалып қойды. Өртеніп жатқан үйге кіруге сыртта тұрғандардың ешқайсыларының батылы жетпеді. Сол сәтте көршінің баласы Данияр келіп, жалын шарпыған өрттен немеремді алып шықты. Көрер жарығы бар екен, - деп еске алады қала тұрғыны Зоя Омарова.
Ал жүректі жігіт Даниярдың батыл қадамын төтеншеліктер елеусіз қалдырмай, Ішкі істер министрлігінің «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалі табыс етілді.
- Мұндай қадамға баратын ұл ертең мемлекетшіл тұлға, елге үлкен азамат, елін қорғайтын батыр, өзінің отбасында тамаша отағасы болатынына біз кәміл сенеміз. Ал Данияр өзінің бұл әрекетін ерлік деп есептемейді. Мұндай адамгершілік қасиет әр адамның бойынан табылуы тиіс», - дейді сол тұста облыстық ТЖД басқарған М.Келесов.
Даниярдың отбасындағы алты баланың екіншісі. Әкесі Сейдолла Есетов пен анасы Айсұлу Жағыппарова сенімін ақтаған ұл М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжін бітіріп, бүгінде Алматыдағы спорт және туризм академиясында оқып жатыр. Бала кезінен спортқа жақын Данияр қазір бокспен айналысады. Облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Жоғарғы көрсеткіштері үшін «Бокстан ҚР спорт шебері» атанды.
Қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымы үшін облыс әкімінің «Сыр үміті» жастар сыйлығының «Жалынды жас» номинациясымен марапатталды, М.Мәметова атындағы төсбелгіні кеудеге тақты.
Бүгінгі заман жарқылдаған жарнаманың уақыты. Тіпті біреуге жасаған жақсылығын жарнамалау арқылы танылып жатқандар көп. Ал адамды ажалдан арашалап қалса де өз ерлігін елеусіз қалдыруды қалаған Данияр нағыз батыр. Бүгінгінің батыры...