Сайлау-2019: ОСК үшінші кандидатты тіркеді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың төрағалығымен комиссия отырысы өтті.
Отырыста 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Амангелді Таспиховты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған қаулы жобасын таныстырған ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафинаның айтуынша, президенттікке кандидат Амангелді Таспихов Алматы мен Шымкенттен басқа еліміздің 15 өңірінен 122 770 азаматтың қолын жинаған. Тексеру нәтижесінде 119 577 расталған қол анықталды. Сонымен қатар А.Таспихов кандидат ретінде тіркелу үшін Орталық сайлау комссиясына өзінің кірістері мен мүлкi жөнінде декларация, тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды тапсырған.
Осыған қарай ОСК Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Амангелді Таспиховты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады.
«2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Амангелді Таспихов Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелсін; Президенттікке кандидат Амангелді Таспиховқа тиісті куәлік берілсін; Президенттікке кандидат Амангелді Таспиховтың «Халықтық Жинақ Банкі» акционерлік қоғамына арнайы уақытша шот ашу үшін тіркелуі туралы мәліметтер берілсін; бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Амангелді Таспиховтың тіркелгені туралы хабарлама жариялансын», - делінген ол жария еткен ОСК қаулысында.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулы жобасына дауыс беріп, құжат бірауыздан қабылданды. Осыдан кейін ҚР ОСК төрағасы Берік Имашев президенттікке кандидат Амангелді Таспиховқа тиісті куәлікті табыс етті.
Айта кетейік, 27 сәуірде Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидат Амангелді Таспиховтың ҚР Конституциясы және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін анықтау туралы қаулы қабылдаған болатын.