Белсенді жастар бас қосты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі «Жастары белсенді елдің, ертеңі еңселі» атты жастар форумы ұйымдастырды.
«Жастар жылы» аясында өткізілген бұл басқосудың форматы бұрынғы жиындарға қарағанда өзгерек болды. Оған аймақтағы техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының көшбасшы жастары, ұстаздар қауымы қатысты. Шара барысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Шынтасов өңірдегі білім саласының дамуына тоқталып, еңсерген биік пен жеткен жетістіктердің көп екендігін атап өтті. Осы ретте «Worldskills Kazakhstan» ұлттық чемпионатының жеңімпаздары қатарынан көрінген колледж студенті Дияс Фазылов пен Қазақ гуманитарлық заң және техникалық жоғары колледжінің студенті Константин Цагаловқа «Medallion for Excelle» медалін табыстады.
Мұнан соң «Жас сарбаз» қозғалысы мен «Мейірім» еріктілер қоғамының мүшелері, «Жас маман» жобасының, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қатысушылары сөз алып, мемлекет ұсынған мүмкіндіктердің жемісті екенін жет-кізді. «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілес биылғы жылдың «Жастар жылы» ретінде жариялануымен құттықтап, мемлекеттің қозғаушы күші саналатын замандастарына қолдау толастамайтынын айтты.
«Жастар жылы» енді ғана басталды. Барлық ұйымдар белсенділік танытуда. Жастар да потенциалын көрсетуге асық. Оның үстіне қазір өзіңді-өзің дамытуға мүмкіндік көп. Тек жалқаулыққа бой алдырмай, оны тиімді қолдану керек. Себебі, талантты да дарынды, білімді де білікті жастардың күш біріктіруінің арқасында біз жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз. Артылған сенім баршамызға зор міндет жүктеп отыр. Ал, сенім үдесінен шығуға әлеует те, көрсетілетін қолдау да жеткілікті, – деді Т.Тілес.
Шара соңында форумға қатысушылар аймақтың студент жастарына үндеу жолдады. Сонымен қатар колледждің барлық көшбасшыларына «Жастар жылының» естелік стелласы тапсырылып, көрермен назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.