Сырдарияда «Мағжан және К» серікестігі 5200 гектар жерге егін егеді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының диқандары егін егу науқанына кірісіп кетті. Ең алғаш болып аудан бойынша Нағи Ілиясов ауылындағы «Мағжан және К» ЖШС күрішшілері тұқым сеуіп, мол өнімге ниет білдірді.
Аудандағы ірі шаруашылық саналатын серіктестік 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Базасы жасақталған. Өзге шаруашылықтардағыдай тұқымды сатып алмайды. Серіктестіктің тұқым зауытында жыл сайынғы күріш тұқымы әзірленіп, оны басқа шаруашылықтар тұтынады. Сыр салысын өңдейтін қырман бар. Барлық іске арналған техникалары жаңаланған.
Әлеуетті шаруашылық биыл 5200 гектарға егін екпекші. Аталған жер көлеміне «Лидер», «Янтарь», «Партнер» күріш тұқымы себіледі. Сонымен бірге, шаруашылық отандық күріш сорттарын егуді тәжірибе жүзінде іске асыруды қолға алған. Яғни, «АйКерім», «Сыр сұлуы» күріш тұқымдарын егіп, оның өнімділігін тексермекші. Егер отандық тұқымның сапасы жоғары, өнімі мол болып жатса, алдағы уақытта осы тұқымдар қолданысқа енеді. Әзірге серіктестік жерінде «АйКерім» 26 гектарға, «Сыр сұлуы» 3,5 гектарға егіліп, тәжірибеден өткізіледі.
Жоғарыда айтқандай, нағилықтар атызға дән сеуіп бастады. Бас агроном М.Тұрсынбеков жер өңделіп болғаннан кейін шаруашылық еңбеккерлері науқандық жұмысқа кірісіп кеткенін жеткізді. Ала таңнан қара кешке дейін бапталған жерге тұқым сеуіп, атызға су жіберуде. Биылғы тұқым себу жұмыстары 5 бригада (бригадир Б.Ембергенов) жерінен бастау алды. Қазір алты «Беларусь» тракторымен механизаторлар атызда дән себумен айналысуда.