Министр балалардың жазғы демалыстағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Күләш Шәмшидинова жазғы демалыс уақытында балалардың қауіпсіздігін қажетті деңгейде қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың төрағалығымен өткен Үкімет жанындағы Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ХХІV отырысы бейнеконференцбайланыс режимінде өткізілді.
Отырыста білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін арттыру, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, балалар үйлерін қысқарту, психологиялық медициналық-педагогикалық комиссиялардың қызметі төңірегіндегі мәселелер қаралды. Отырысқа Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова, ВАК мүшелері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты.
Жиында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова Денсаулық сақтау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері өзара бірлесе отырып, «Отбасыны қолдау институтын» құру қажет деген ұсыныс білдірді.
Отырысты қорытындылаған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова жазғы демалыс уақытында балалар қауіпсіздігін қажетті деңгейде қамтамасыз етуді, сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігін, балалардың жазғы демалыспен қамтылуын ұлғайту, елдегі балалар үйлерін қысқарту, психологиялық медициналық-педагогикалық комиссиялардың қызметін күшейту бойынша қосымша шараларды қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар берді.