Кәсіпкерлердің ескі кассалық аппараттары кәдеге жарай ма?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жаңа талап бойынша, кәсіпкерлер онлайн бақылау-кассалық машиналарға көшкеннен кейін ескі кассалық аппараттар пайдалануға жарай ма? ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерді толғандырған осы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Комитеттен хабарланғандай, 2019 жылдың соңына дейін қазақстандық кәсіпкерлер фиксациялау және мәліметтерді жолдау қызметі бар бақылау-кассалық машинасына (БКМ) көшуі тиіс. Қысқаша айтқанда, бұл - онлайн БКМ. Кассаның жаңа түріне көшу тәртібі «Бюджетке түсетін салықтар және өзге де міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексімен реттеліп, Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген.
«Демек, еліміздегі барлық кәсіпкерлер осы тәртіп бойынша жаңа қызметі бар кассалық аппаратпен төлем қабылдауы керек. Болмаған жағдайда өзінің ескі аппаратының бағдарламалық жүйесін өзгертуі тиіс. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2019 жылдың 1 мамырына дейін мәліметтерді жолдау қызметі жоқ 255 191 БКМ тіркелген. Оның басым бөлігі, атап айтқанда 181 566 аппарттың немесе 71,1 пайызының онлайн БКМ ретінде бағдарламалық жүйесін жаңартуға болады», - деп хабарлайды комитеттен.
Телекоммуникациясы жоқ орындарда кассалық аппараттарды онлайн-БКМ ретінде жаңартудың қажеті жоқ. Елімізде ондай кассалардың саны - 12 мың (жалпы кассалардың 4,7 пайызы).
«Жоюға немесе телекоммуникация желісі жоқ орындарда қолдануға болатын кассалардың саны - 32 110 немесе 12,6 пайыз. Онлайн түрдегі БКМ-ді қолдана білу - көлеңкелі экономика құралдарын қысқартуға, салықтық әкімшілікті жақсартуға, салықтық тексерістерді азайтып, мемлекеттік автоматтандыру қызметін жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, онлайн түрдегі кассаларды қолдану бойынша кәсіпкерлерді жігерлендіру үшін Салық кодексінде салықты 60 мың теңгеге дейін азайту жеңілдіктері бар», - делінген хабарламада.