Мәжіліс депутаттары жұмыс сапарымен Жалағаш ауданына барды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. ҚР Парламенті мәжілісінің бірқатар депутаты Жалағаш ауданында болып, кәсіпорындар мен шаруа қожалықтар жұмысымен танысты. Алдымен «Ер-Әлі» шаруа қожалығының дән себу рәсіміне қатысқан халық қалаулылары шаруашылық жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан кейін депутаттар Әліби Бекжановтың «Құрманбай ата» қожалығында болып, алма бақ жұмысымен де танысты. Алты гектар алқапқа алма ағаштарын орналастырған іскер азаматтың жұмысына меймандар жоғары баға берді. 2-3 жыл бұрын қолға алынған жоба бүгінде жемісін беруде.
Жақында ғана тіректі елді мекен статусын алған бұл ауылда соңғы жылдары әлеуметтік зәулім нысандар көптеп бой көтерді. Олардың ішінде спорттық кешен, мәдениет үйі мен балабақша да бар. Жаңа нысандардың жұмысымен танысқан олар бүлдіршіндер мен спортқа бейімделген жастардың талабына сәттілік тіледі.
Меймандар Еңбек ауылдық округіндегі «Еңбек Жер» шаруа қодалығының төрағасы Шакизатхан Ысқақовтың үлкен сауда орыны мен мейрамхана жұмысына қанықты. Сонымен қатар, халық қалаулылары ауылдық елді мекендегі жеке кәсіпкердің жылыжай жұмысымен де танысты.