Кез келген жиын «Рухани жаңғыру» емес
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Рухани жаңғыру жобасы аясында», деп интернетке теріп қалыңызшы. Роботтардың іріктеп берген жаңалықтары «Рухани жаңғыру жобасы аясында іске асырылған шаралар» көздің жауын алады. Оқисыз да эстетикалық ләззатқа беріліп отырып қаласыз. Қандай керемет, деп жазады RUH.KZ.
Қаншама мектептер салынып, балабақша ашылған, бірқатар жаңадан бой көтерген спорт кешендері жұмыс жасап келеді, қаншама кездесулер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда. Осының бәрі бір ғана жоба аясында. Елін шынымен сүйгендер, ұлттық сана деңгейіне көтеріліп кеткендер тіпті, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар алып, мүгедек балалармен кездесіп, құран бағыштап қой да сойған. Сөз жоқ...
Күлкілі ме?! Мен күлдім. Сосын мұңайып қалдым. Мәселенің байыбына барып, бірге мұңайып көрейік.
«Рухани жаңғыру» мақаласында не айтылды? Түсінікті тілмен тәпсірлесек, әр адам рухани бай болуы керек делінді. Ол байлық батыстың комикстерінен емес, ұлтымыздың ұмытылып бара жатқанын не ұмытылып кеткенін жаңа қырынан жаңғыртып, осы күнгі таным-түсінікпен бірлестіріліп алынуы керек. Демек, ән, күй, әдебиет, мәдениет, дәстүр, ырым, салт, тыйым, күй, таным, болмыс, тарих, археологиялық дерек, заманауи таным секілді дүниелердің барлығы бір адамның бойынан табылуы керек. Нақты бір ғана адамның емес, барлық адамның бойынан табылуы керек. Мейлі химик бол, мейлі шаруа бол, жоғарыда тізілгендер сіздің бойыңыздан табылуы керек. Сонда сіз жан-жақты білімі бар, толыққанды сауатты адам болып шыға келесіз. Бәлкім шетелге шығасыз, бәлкім шетелден келгендерді қонақ қыласыз. Сонда қазақтың тарихын да, әнін де, салтын да, ырымын да біліп тұрсаңыз сізден асқан ұлт жанашыры жоқ. Және, тура сіз секілді білімді һәм сауатты ұлт жанашырлары көп-ақ. Керек десеңіз екінің бірі сол. Бұл жаман ба?!
«Рух» дегеніміз – тән емес пе?! Жай ғана тән емес, белгілі бір ұлттың болмысын сіңірген, танымын меңгерген, тілін жаттаған, әніне сусындаған, тарихымен танысқан тән. Сауатты тән. Ал сол рухтың жаңғыруы үшін, жаппай рухани жаңғыру үшін ұмытылғанымызды қайта қолданысқа енгізіп, қоғамға жаңғырған нұсқасын ұсынып жаппай сауаттандыру керек. Меніңше «Рухани жаңғыру» дегеніміз осы.
Осы орайда тарихшы, этнограф Темірғали Аршабековтың сөзі ойға оралады.
«Құрғақ сөз бен жалған ұранды флэшмобтар ешкімге абырой әкелмесе керек. Күн сайын өтіп жатқан жиындарға «Рухани жаңғыруды» қосып жіберіп, ел үшін, ел ертеңі үшін аса құнды болып табылатын бастаманы күлкіге айналдыру ақыл тоқтатқан адамға жарасарлық іс емес. Тоқтатыңыздар!», деп еді этнограф.
«Неге», деген сұрақ туады. Заңды да. Себебі біз дұрыс түсінген жоқпыз.
Университет қабырғасында ашылған жаңа кабинеттер, бір тиын пайдасы жоқ бас қосулар, ауылдық ауруханалардың жөндеу жұмыстары, отбасы психологиясына байланысты тәрбие сағаттары, жылыжай кешендерінің құрылысы, жазғы сауықтыру лагерлерінің мұғалімдерімен кездесу – міне нағыз «Рухани жаңғыру»! Осындай қызықтар бар қазақ даласында...