"Өзгерту қажет" Тоқаев ордендерді министрлер мен әкімдерге ғана беруге қарсы
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар еңбек адамдарына, әсіресе ғалымдар, құрылысшылар, қарапайым жұмысшыларға берілуі керек екенін айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Алматы облысының жұртшылығымен кездесуінде Тоқаев марапаттау тәртібін өзгертуді ұсынды.
"Әр жыл сайын желтоқсан айында барлық деңгейдегі әкімдер мен министрлерді марапаттап үйреніп қалғанбыз. Егер байқасаңыздар, мереке кезінде бүкіл басшылар ордендерін тағып шығады. Бірақ бізде олардан басқа мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, қарапайым жұмысшылар да бар ғой, неге екені белгісіз, олар марапатталмай қалады. Әйтпесе олар басқалардан аз еңбектеніп жатқан жоқ. Бізге бұл тәртіпті өзгерту қажет деп санаймын ", - деді президент.
Мемлекет басшысы медициналық қызметкерлер мемлекеттің назарынан тыс қалмауы керектігін атап өтті.
"Орден-медальдарымыз бар екен, олай болса жақсы нәтиже көрсетіп жатқан еңбеккерлерді марапаттауымыз керек", - деді Тоқаев.