Бейбіт өмірдің бағасын біліңдер – Бөрібай Құлманов
oldkaz.kyzylorda-news.kz. 1941-45 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп, қан майданға жастығын сарп еткен қарт жауынгерлер саны жыл сайын азайып барады. Соның қадірлі азаматтарының бірі Бөрібай Құлманов. Қарт майдангер бір емес, екі соғыстың куәсі, деп хабарлайды Kyzylordatv.kz.
«Мен өзім екі соғысқа қатысқан қазақтың бірімін. Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатыстым. Мәскеуді қорғадым. Калинин майданы, Жев қаласының түбінде болған қанды соғыста ауыр жарақат алып, 7 ай госпитальда емделдім», - дейді соғыс ардагері Бөрібай Құлманов.
Соғыс ардагері биыл 99 жасқа толады. Ұрыс даласында жүріп өткен жолы көп. Белорусь, Польша, Германия майдандарында соғысты. Соғыс аяқталған жылы Қытайда, Шығыс Түркістан Республикасында құпия миссия атқарды. Елге оралғаннан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында қызметте болды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына да өз үлесін қосты. Ел мүддесі жолындағы еселі еңбегі үшін «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы», «Еңбек қызыл ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен марапатталды.
Жеңіс күні қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Қауанышбек Ысқақов абыз ақсақалды мерекемен құттықтап, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.
Оттың ортасынан Отанға аман оралған, еңбек майданына етене араласқан бұл заңғарға мың тағзым. Шын мәнінде бұлардың әрқайсысы жігер рухымен, рух қаһармандықпен, отаншылдық қасиеттерді сіңірген мәрт жандар.
«Ер жігіт ең алдымен батыр болып, елдің қорғаны болуы керек. Ендігі кезекте елдің амандығы да, шеттен қорғауда осы жастардың қолында», - деді соғыс ардагері.