Қазалыда мал жайылымдық жерлер мәселесі талқыланды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазалыда аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен ұңғыма, құдық қаздыруға байланысты семинар-кеңес өткізілді.
Семинар-кеңесте алға қойған міндетті бағдарламаларды орындау үшін, аудан бойынша мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтардың мал жайылымдық және шабындық жерлерін ұңғыма, құдық қаздыру жұмыстарын жүргізу арқылы суландыруды қолға алу қажеттілігі айтылды.
Аталған мәселеге орай облыс орталығынан «Элит Техно Строй» ЖШС-інің және «Сыр Энергогазтейд» ЖШС-нің өкілдері Құрманғазы Әнесов, Мақсат Тілеубаев өздерінің атқарған жұмыстарымен таныстырды.
Жиын барысында Қызылорда облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Самұрат Имандосов, «Аян» шаруа қожалығының жетекшісі Ибайдулла Тілеп, Шәкен ауылдық округ әкімінің бас маманы Бақытбек Баймаханов, «Шамұратов» шаруа қожалығының жетекшісі Сражадин Шамұратов серіктестік өкілдеріне өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауап алды.
Жиында айтылғандай, шаруашылық жерлерінен ұңғыма қазуға қаржының 80%-ын мемлекет қолдау білдірсе, 20%-ын шаруашылықтар өз есебінен төлейді. Сондай-ақ бұл ұңғыма қазудың шарты тек жайылымдық жерлерге 100 метр тереңдікте ғана қазылады. Бір ұңғыма 2 мың гектар жерді құрайды.
Жиында аудан әкімі бұл жұмыстар бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне бірлесе отырып, тығыз жұмыс жасауды тапсырды.