Сенатта жаңа консультативтік-кеңесші орган құрылды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 11-бабына сәйкес Парламент Сенатында жаңа консультативтік - кеңесші орган-Бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңес құрылды, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатың баспасөз қызметі.
Кеңес құрамына Сенат депутаттары, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова, ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, қаржы министрінің бірінші орынбасары Б.Шолпанқұлов және басқалар енді.
Кеңестің негізгі міндеттерінің бірі бюджет процесінің тиімділігін арттыру, бюджетті қалыптастыру үдерістерін қайта қарау, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ бюджет үдерістеріне барлық қатысушылармен Парламенттің өзара іс-қимылын күшейту жөніндегі мәселені қарау болып табылады.
Бүгін Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Кеңестің бірінші отырысы өтті.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов сенаторларға осы саланы жетілдіру жоспарлары туралы айтып берді. Олардың ішінде стратегиялық жоспарлаудың жаңа нысандарын енгізу, жұмсалған шығыстардың экономикалық қайтарымын бағалау, өңірлердің дамуын ынталандыру үшін бюджеттік қатынастарды жетілдіру тақырыптары бар.
Сенат Төрағасы аймақтардың салалық ерекшеліктерін ескере отырып, шағын және орта бизнесті дамытуға, өңірлердің «мұқтаждық картасын» әзірлеуге, бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін қылмыстық жауаптылықты бірге ала отырып, жауапкершілікті күшейтуге, есеп комитетінің рөлін нығайтуға, халықты жұмыспен қамту бағдарламасын қайта құруға, бюджет жылын қайта қарауға бағытталған бірқатар сын-ескертпелер мен ұсыныстар айтты.
Дариға Назарбаева Ұлттық экономика министрлігіне 17 маусымға дейін кеңес отырысы барысында айтылған ұсыныстарды ескере отырып, бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі шараларды іске асыру жөніндегі Жол картасының жобасын әзірлеуді ұсынды. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.