Байқоңырда билер кеңесі өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы Өкілдігінің мәжіліс залында Байқоңыр қалалық Билер кеңесінің ұйымдастыруымен қалалық сот, прокуратура, ішкі істер органдары мен «Нұр Отан» партиясының филиалы және АХАТ бөлімімен алты жақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Іс-шараға Байқоңыр қалалық билер кеңесінің төрағасы Ермеков Жақып, қалалық соттың төрағасы Жүсіпов Телжан,судья Изтелеуова Асыл, қала прокурорының міндетін атқарушы әділет кеңесшісі Нұрмағанбетов Батырбек, Қазақстан Республикасының Байқоңыр қаласындағы Өкілдігі бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Абуов Қасым, «Нұр Отан» партиясының Байқоңыр қалалық филиалының және Қармақшы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің Байқоңыр қаласы бойынша коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері және полиция өкілдері, кеңес мүшелері қатысты.
Жиынды ашқан Билер кеңесінің төрағасы Ж.Ермеков меморандум билер институтын қайта жаңғырту, қоғамдағы дауларды сотқа дейін, сотта бітімгершілік рәсім арқылы шешудің жолын қалыптастыру, азаматтарға ақыл-кеңес бере отырып татуластыру үшін өзара ынтымақтастықты дамыту мақсатында жасалынып жатқандығын атап өтті.
Меморандум тараптардың Билер кеңесімен тығыз байланыста болып, дауларды татуласу келісімімен шешу үшін арнайы кеңес жұмысын дамытуды қолға алуды реттейді.
Қол қою рәсімінен кейін, Билер кеңесі ішкі істер органында тіркелген қылмыстық істер бойынша жәбірленушілер мен айыпталушыларға медиацияның тиімді тұстарын түсіндірді. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен (бұзақылық), 200-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен (автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу), 188-бабы 2-бөлігі 3-тармағымен (ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған 3 қылмыстық іс бойынша Билер кеңесі тараптар арасындағы татуласу келісіміне қол жеткізіп, даулар сотқа жеткізілмеді.