Сыр бойында 70-тен астам ұлт өкілі тұрады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Тұрақтылықты тірек етіп, ұлтаралық достықты ұлықтаған қызылордалықтар да бірлік мейрамын сән-салтанатымен атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тұран топырағын түлетіп, әлеуметтік және этносаралық қатынастарды реттеуде тағдыры бір арнаға тоғысқан түрлі ұлт өкілдерінің қосқан үлесі орасан. Сыр өлкесінде қоныс тепкен 70-тен астам ұлыс өкілдері жиналған «Сыр сүлейлері» аллеясында достық әуендері шырқалды. Аймақтағы 11 этномәдени бірлестік өкілдері «Татулық тірегі-Сыр елі» атты шарада өз мәдениеті мен өнерін паш етті. Сан ұлт пен ұлыстың кешегісі мен бүгінгі тірлігінен ақпар беретін көрмелер ұйымдастырылды. Қоғамдық келісім мен доспейілдік қасиеттер паш етілген мерекеге жиылғандар спорттық сайыстарға да белсене қатысты. Қазақстан Халқы Ассамблеясының 27-сессиясының делегаттары айтулы шара жөніндегі әсерлерімен бөлісті.
«Алған әсерім мен үшін қайталанбас сәт. Мың жарымдай адам жиналды. Түрлі тақырып талқыланды. Жастар жылында болатын мәселелерді талқыладық. Мен үшін керемет мүмкіндік болды. Осы сессия ерекше болды. Бар күшімді туған өлкем, өскен жерімнің өркендеуіне, Ассамблея мен Қазақстанның дамуына жұмсаймын», - дарынды балаларға арналған «мұрагер» мектебінің оқушысы Евгений Демиденко.