1 мамыр мерекесінің тарихы
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Үш мың жыл бұрын ежелгі Италия тұрғындары Жердің қамқоршысы әйел-құдай – Майяға табынған. Соның құрметіне бүгінге дейін мамыр айының алғашқы күні серуендеу мен салтанат мерекесі болып есептелді.
1890 жылы Парижде өткен ІІ интернационал конгресінің шешімімен 1886 жылы Чикагода болған америкалық еңбекшілердің 8 сағаттық жұмыс күнін талап етіп, капиталистер мен қанаушыларға қарсы жанқиярлық күресінің құрметіне Варшава қаласында сол жылдан бастап 1 Мамыр еңбекшілердің ынтымағы мерекесі ретінде аталып келеді.
Алғаш айтулы мейрамды 1890 жылы Аустро-Мажарстан, Белгия, Алмания, Дания, Испа-ния, Италия, АҚШ, Норвегия, Франция, Швеция сияқты мемлекеттер атап өтті. Содан бері аумалы-төкпелі заман өтіп, саяси жүйелер жаңғырса да, қазіргі таңда 1 мамыр мерекесін әртүрлі мазмұнда әлемнің 66 мемлекеті тойлайды. Еуроодақ пен НАТО-ға қосылған кешегі социалистік елдер үшін 1 Мамырдың маңызы шамалы. Украинада 1 Мамыр күні халық алаңда мереке ұйымдастырып, орманда серуен құрып, кәуәп да-йындайды. Оңтүстік Африка республикасында халықтық өнер туындыларының көрмесін ұйымдастырып, төмен бағамен жалпы халыққа арналған тұрмыстық бұйымдар сатылады. Сицилияда жергілікті халықтың сенімі бойынша, бұл күні даладан түймедақ (ромашка) теру бақыт әкеледі-міс.
Испанияда бұл күн гүлдер мерекесі болып саналады.
Берлин полицейлері үшін бұл күн ауыр да мазасыз күн, себебі елдегі партиялар мен қозғалыстардың шеруінің соңы бей-берекет тәртіпсіздіктерге ұласып жатады. Ал америкалықтар болса, мейрам екен демейді, жұмыс істейді.
Британияда 1 мамыр – демалыс күні.
1977 жылы лейбористер билік басында болғанда, бұл күн мемлекеттік мейрам ретінде аталып өтетін. Еуропаның көпшілік елдері бұл күнді атап өтуге соншалық ықыласты емес. Аустрия, Болгария, Бразилия, КХДР-да еңбек мейрамы ретінде мемлекеттік деңгейде аталып өтеді.
Ресей империясында 1890 жылдан бастап 1 Мамыр мерекесі аталып келеді. Алайда 1897 жылы бұл мейрамды тойлаудың арты саяси сипат алып, бұқаралық бас көтеруге ұласады. Тек большевиктер 1917 жылдан бастап 1 Мамыр мерекесін тұрақты түрде атап өтуді дәстүрге айналдырған. 1 мамыр мейрамы КСРО құрсағындағы қырық құрау ұлыстарды бірыңғай кеңес халқына айналуына үлес қосқан-ды. 1 мамыр қызыл төңкеріс пен таптық күрестің символы болды. Кеңестік идеологияның тегеуріні сондай, 1 мамыр күні Маяков-скийдің «Бейбітшілік! Еңбек! Мамыр!» деген сөзімен ұран тастап, алқызыл жалау желбіретіп, алаңда төбе көрсетпегендерді ертесіне жұмыстан шығарып жіберетін. КСРО-ның орнын басқан Ресейде 1 Мамыр мерекесін 1997 жылдан бастап Көктем және еңбек мерекесі ретінде атап өтеді. ТМД елдері ішінде Ресей мен Молдавия бұл мейрамда қатарынан бес күн демалады. Ал Әзірбайжан, Грузия, Түрікменстан және Өзбекстанда 1 мамыр – жұмыс күні. Бірақ өзбек, түрікмен жұрты бұл күні ұлттық тағам дайындап, өзбекше, түрікменше тойлайды.