Баспана кезегінде шамамен 32 мың көпбалалы отбасы тұр
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар мен «Алтын және күміс алқа» төсбелгісі бар аналар үшін жеке кезек енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгінде аталған санат бойынша баспана кезегінде 32 мыңға жуық отбасы тұр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Шавкат Өтемісов Сенаттың «Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің» кеңейтілген отырысында айтты.
Мәжілісмен елдің кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын ұсынды. Бірінші ұсынысы тұрғын үй мәселесіне қатысты болса, екіншісі жұмысбасты жастарды баспанамен қамту жайына арналды. Осыған байланысты мәжілісмен заңнамалық актілерге көпбалалы отбасы, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй және жұмыс істейтін жастар ұғымдарын енгізуді ұсынды. Комитет мүшелері Заң жобасын қолдағанымен, құжаттағы кейбір құқықтық талаптарды нақтылау қажеттігі туралы айтты. Ізінше ертең өтетін Сенаттың жалпы отырысының қарауына шығарылды.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» наградалармен марапатталған немесе бұрын батыр ана, сондай-ақ «Бірінші және екінші дәрежелі ана даңқы» атағын алған көп балалы аналар және көп балалы отбасылар санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезек енгізу. Қазіргі уақытта кезекте 31725 көп балалы отбасы тұр. Осы отбасылардың тұрғын мәселесін шешу үшін арнайы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 50 млрд теңге 7 жыл қатарынан қаражат бөлінетін болады. Осы қаражат мақсатты көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуге арналады», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавкат Өтемісов.