«Денсаулық» пойызы жолға шықты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Қазақстан темір жолы» мемлекеттік компаниясы мен С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті және медициналық сақтандыру қорымен біріге отырып, медициналық «Денсаулық» пойызын аттандырды. Сегіз ай бойы мамандар Қазақстан облыстарының темір жол бекеттерінде ауыл тұрғындарын қабылдайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Денсаулық» пойызында рентген зертханасы, флюорография, ЭКГ, құрсақ қуысының УДЗ, ФГДС, УЗДГ қамтылған. Стоматолог-хирург, терапевт, невропатолог, кардиолог, хирург, гинеколог, офтальмолог, педиатр, отоларинголог, рентгенолог, маммолог, сомнолог, онколог, зертханалық дәрігер-лаборант, қызметтік диагностика дәрігері ауыл тұрғындарын тегін қарайды.
Пойыз 9 вагоннан тұрады. Оның ішінде төртеуі - емдік-диагностикалық процедуралар жүргізу үшін, ал екеуінде қызметкерлер орналасса, біреуінде дәрі-дәрмектер сақталады. Сонымен қатар, мейрамхана вагоны мен автономиялық қуат үнемдеу вагоны да бар.
«Денсаулық» пойызы 195 бекетке тоқтап, 40 мың адамның денсаулығын қарауға әзір. Сапалы стоматологиялық ем және кішігірім ота жасалуы да әбден мүмкін. Пойыз өз жұмысын 2019 жыл 29 сәуірден бастап, 21 желтоқсанға дейін 20 мың шақырым жолды еңсермек.