Жапон студенті диплом жұмысын жазу үшін Қызылордаға келетінін айтты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазақтың батырлар жырын оқып, мемлекеттік тілге деген құрметі мен қызығушылығы артқан жапондық студент Сыр өңіріне келуді көздеп отыр.
Қазіргі таңда Токио унверситетінің соңғы курсында оқитын Такуро Оучи қазақ тілін біршама меңгерген. Ол тілді меңгеріп қана қоймай бұдан 2 жыл бұрын Қазақстанға келіп, қонақ болған. Қазіргі таңда оқуын жалғастырып жатқан студент енді Қызылордаға табан тіреп, дипломдық жұмысын осында жазуды ниет етіп отыр.
Филология мамандығын меңгеріп жатқан жапондық студент өз елінде жүріп, жапон тіліне аударылған "Алпамыс батыр" жырын оқыған. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін, жерін жаудан қорғаған батырдың іс-әрекеті мен қазақ халқының өжет халық екендігіне кітап арқылы қанық болған Такуроның қазақ тіліне деген құрметі артып, оны меңгеруге қызығушылық таныта бастаған.
«Алпамыс батыр эпосын Сакаи Хироки деген университетте сабақ беретін мұғалім қазақ тілінен аударып басып шығарған. Кітапты оқығаннан кейін ерекше әсер алып, қазақ мәдениеті жайлы кеңінен білгім келді. Осы университетте өтетін қазақ тілі сабағына қатыстым. Сол кезде мен қазақ тілі өте оңай екенін байқадым. Негізі қазақ тілінің жүйесі жапон тіліне қатты ұқсайды. Сондықтан жапондар үшін үйрену оңай болады», - дейді студент Такуро Оучи.
Осыдан кейін ол университет қабырғасындағы кітапханадан қазақ тілді кітаптарды іздей бастайды. Алайда ол кітапхана қорында қазақ тілді кітаптардың аз екенін аңғарған. Болашақ филологтың айтуынша, Токио университетіндегі бұл мәселе өз шешімін тапса, жапон жастарының қазақ тіліне деген қызығушылығ артып, оны меңгеруге құлшынысы оянатынына сенімді.
Токио Университетіндегі шетел тілдері бөлімінде оқитын Такуро Оучидің оқып жатқан негізгі пәні маңғол тілі. Дегенмен қазақ еліне жасаған сапарынан кейін ол қазақ тіліне аса қызығушылық танытқан. Яғни, ол 2 курстан бастап қазақ тілін үйрене бастады.
Ол қазақ еліне жасаған сапары кезінде қазақ тілін жетік меңгеріп, қазақ халқының мәдениетімен де таныс болған. Он ай ішінде студент қазақ халқына бауыр да басып қалған. Енді ол өзінің диплом жұмысын жазу үшін қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр еліне келуді мақсат тұтып отыр.
«Мен қазіргі таңда Қорқыт ата жайлы зерттеп жүрмін. Қызылорда облысына барып, Қорқыт ата есімімен байланысты жерлерге бару жоспарда тұр. Мен қазіргі күні Қазақстанға бару үшін аптасына 2-3 күн күзетші болып жұмыс істеп жүрмін. Сөйтіп, ақша жинап Қазақстанға барамын. Мен әсіресе Қызылорда облысына баруды басты мақсат еттім. Сол кезде менің жаныма серік болып, қыдыртатын кісі бар болса, ұмытылмас сапар болатын шығар», - дейді Такуро Оучи.
Жапондық студент диплом жұмысын алдағы жылдың басында тапсыру керек. Сол уақытқа дейін ол Қызылордаға келуді жоспарлап отыр.