Қазалыда жас педагогтардың форумы өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазалыда жастар жылы аясында «Жастар жылы – жарқын болашаққа жаңа қадам» тақырыбында жас педагогтардың аудандық форумы өтті.
Іс-шараны аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық білім бөлімі және аудандық кəсіподақ комитетінің ұйымдастырды.
Қармақшы ауданында бастау алған эстафета, Сырдарияда, Қызылорда қаласында, Шиеліде, Жалағашта, Жаңақорғанда, Аралда өтіп, Қазалы ауданында жалғасын тауып отыр.
«Аудан мектептерінде жалпы 2387 мұғалім жұмыс жасаса, соның 511 ұстазы 29 жасқа дейінгі жас мамандар. Жас мамандар үлесі 21 пайызды құрайды. Былтырғы оқу жылында білім саласы бойынша түрлі 58 білімдік сайыстар мен байқаулар өткізіліп, сол байқауларда 17 жас маман жеңімпаз пен жүлдегер атанса, биылғы оқу жылында өткізілген 42 байқаулардан 15 жас маман жеңімпаз бен жүлдегер атанды», - деген аудан әкімінің орынбасары Ә.Жарылқағанов бірқатар жас ұстаздарды аудан əкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Жас педагогтардың форумында облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Райкүл Байназарова 7 жас отбасына Нұр-Сұлтан қаласына туристік саяхатқа облыстық кəсіподақ ұйымының жолдамасын табыс етті.
Шара барысында «Zhas Project» жобасының иегері, «Серпін» жастар кеңесінің мүшесі Жанат Ержігітова, М.Горкий атындағы №16 мектеп-лицейдің жас маманы Шыңдалы Әкім сөз сөйлеп, өздерінің атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып, тəжірибелерімен бөлісті.