Талғат Ерғалиев президенттік сайлауға қатысу туралы өтінішін кері қайтарады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Талғат Ерғалиев президенттікке үміткер ретінде ұсынған өтінішін кері қайтаратындығын мәлім етіп, «Ақ жол» партиясының кандидаты Дания Еспаеваға қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстанның құрылысшылар одағы атынан ҚР Президенттігіне Т. Ерғалиевтің ұсынылуына байланысты «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев партия мүшесі болып саналатын Талғат Файзуллаұлымен кездесті. Белгілі болғандай, партияның жақында өткен съезінде алты үміткер бойынша құпия дауыс беру өтіп, онда Құрылысшылар одағының жетекшісі 31,6 пайыз дауыс жинап, екінші орын алды.
Азат Перуашев одақ атынан кандидат ретінде ұсынылған Т. Ерғалиевті құқығынан құрметпен қарайтынын атап өтті. Сонымен қатар, партиялық дауыс берудегі жоғары нәтижені ескере отырып, бұл қадамға түрткі болған шешім де түсінікті болып отыр.
«Азат Перуашев барлық алты қатысушының партияның бірыңғай кандидаты командасына енуі туралы съезд шешімін еске салды. Яғни Дания Еспаева партияның атынан президент сайлауына кандидат ретінде бекітілді», - делінген хабарламада.
Өз кезегінде Т. Ерғалиев съездегі дауыс беру нәтижесіне қатысты ешқандай мәселе жоқ екенін жеткізді. Ол аталған ұйымды біраздан бері басқарып жүргенін ескере келе, өзін ҚР Құрылысшылар одағы атынан ұсынылуын дұрыс деп санаған. Талғат Ерғалиев саладағы проблемаларды және халықтың қолжетімді баспанаға қажеттігін жақсы білетінін, сондай-ақ мемлекеттік деңгейде осы мәселелерге тиісті деңгейде мән берілмей отырғанын атап өтті.
Талғат Файзуллаұлы партия төрағасымен кездесуден кейін «Ақ жолға» деген құрметін алға тартып, Орталық сайлау комиссиясынан өзінің өтінішін кері қайтарып, Дания Еспаеваның сайлау алдындағы науқанына қатысуға дайын екенін мәлім етті.
«Азат Перуашев ҚР Құрылысшылар одағы төрағасының ниеттестігіне әрі ер азаматқа тән шешіміне орай алғысын білдірді», - делінген партия мәлімдемесінде.