Талғат МАХАНОВ: Қызылордалықтар мемлекеттің дін саясатын қолдайды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы әкімдігі бүгінде дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында жыл сайын әлеуметтік жобалар мен жұмыстарды үздіксіз жүргізіп келеді. Мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын ілгерілету, діни бірлестіктермен қарым-қатынастарды дамыту, дәстүрлі емес діни ағымдардың теріс идеяларына тосқауыл қою тәрізді жұмыстардың маңызы үлкен.
Осыған орай, Қызылорда облысындағы дін саласына қатысты мәселелер бойынша сұрақтарға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов жауап берді.
– Талғат Толыбайұлы, облыста діни ахуал тұрақты. Дегенмен тұрақтылықты одан әрі қамтамасыз ету мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бұл жағынан алғанда облыста айтарлықтар мәселе жоқ. Заң аясында конфессиялардың толыққанды қызмет атқаруларына барлық жағдайлар жасалған. Осының бәрі өңіріміздегі діни ахуалдың тұрақты екенінің дәлелі.
Сонымен қатар Қызылорда облысының әкімдігі дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған Тұжырымдамасына және Қазақстан Республикасындағы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жұмыс істеп жүрміз.
Облыстық ішкі саясат басқармасы және басқармаға қарасты Дін мәселелерін зерттеу орталығы өз құзыреті шеңберінде, діни радикализмнің және экстремизмнің алдын алуға бағытталған жұмыстарды басқа мемлекеттік органдармен, ҚМДБ-ға қарасты мешіт имамдарымен Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүргізуде. Өңірде зайырлылық қағидаттарын нығайтып келеміз. Тұрғындардың кең әлеуметтік топтарын қамтитын түсіндіру жұмыстары үздіксіз қолға алынды. Ел тұрғындарының дін саласындағы мәселелер бойынша сауатын көтеру мақсатында БАҚ-та ақпараттық жұмыстар да белсенді жүргізілуде. Әр түрлі діни ағымдардың идеяларынан зардап шеккендерге кеңес беру және оңалту бағытындағы жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Радикалдық идеялардың ұстанушыларын оңалту жұмыстары арқылы дәстүрлі ортаға қайта бейімдеу жұмысы да өз нәтижесін беруде. Сонымен қатар Орталық мамандары интернет-ресурстарды мониторингтеу арқылы деструктивті діни идеяларды таратумен айналысатын сайттар мен парақшаларды анықтау бағытына да жұмыстар жасалып отыр.
– Атқарылған жұмыс аз емес, бірақ бұлардың бағасын беретін халық қой. Сіздердің қызметтеріңізге жергілікті тұрғындар қалай қарайды екен?
– Биылғы жылдың наурыз айында тұрғындар арасында сауалнама жүргізілген болатын. Сол мәліметтер бойынша сауалнамаға қатысқан респонденттердің 77,4%-ы мемлекеттің дін саласындағы саясатын «қолдаймын» деп жауап берген. Ал қалған 22,6%-ы бейтарап қалушылардың үлесінде.
Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында жыл басынан бері түрлі форматта 625 шара өтіп, 24 714 адам қамтылды. Сондай-ақ, деструктивті діни ағымды ұстанушы азаматтарды оңалту мақсатында 128 кездесу және деструктивті діни ағым идеологиясының зардабы туралы халықты ақпараттандыру мақсатында материалдар таратылды.
– Дәстүрлі емес діни бағытқа түскен тұлғалармен жұмыстың нәтижесі туралы айттыңыз. Нақты қанша адам қоғамға қайта бейімделді?
– Деструктивті діни ағымды ұстанушы азаматтармен жүргізілген профилактикалық жұмыстың нәтижесінде былтыр 22 азамат қоғамға бейімделді.
– Облыста діни бірлестіктер мен миссионерлік қызмет туралы тоқталып өтсеңіз? Заңсыз қызметпен айналысып жатқан діни ұйымдар немесе миссионерлер барма?
– Қазір облыста 7 конфессияға жататын 181 діни бірлестік тіркелген. Оның ішінде 11 жергілікті діни бірлестік, 170 филиал (166 мешіт, 4 христиандық бағыттағы,) қызмет атқарады.
Миссионерлік қызметпен аймағымызда Оңтүстік Корея азаматы Тян Ве Сук «Қызылордалық інжілдік христиан-баптистерінің шіркеуі «Үміт» жергілікті діни бірлестігінде және Италия Республикасының азаматы Стефани Эдуардо Жозе «Алматыдағы Қасиетті Үштік Рим-Католик Епархиясы» діни бірлестігінің Қызылорда қаласындағы филиалында миссионерлік қызметін атқарып келеді. Аталған миссионерлер тарапынан құқықбұзушылық фактілері орын алмаған.
ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 8-бабында көрсетілген тәртіп орындалған жағдайда ғана миссионерлік қызметке рұқсат беріледі.
Ал, заңсыз миссионерлікпен айналысу мәселесі мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан қатаң бақылауға алынған. Облыстық полиция департаменті тарапынан жүргізілген бақылау жұмыстары барысында Қызылорда қаласында христиандық бағытта заңсыз миссионерлікпен қызметпен айналысқан А.Беляевқа ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексі бойынша шара қолданылды.
Облыс аумағында «Алшаң Жібек Жолы» қайырымдылық қорына қарасты «Ақмешіт Қожа Ахмет Яссауи» қайырымдылық мекемесі (бұдан әрі — қайырымдылық мекемесі) жұмыс жасайды.
Биылғы жылы облыстық полиция департаменті қайырымдылық мекемесіне Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 463-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы, яғни тіркеусіз, рұқсатсыз, сол сияқты хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу және ондағы діни оқытушылықпен айналысатын 2 азаматқа ҚР ӘҚБтК 490-бабының 3-бөлігімен, яғни миссионерлік қызметті тіркеусіз жүзеге асыру іс қозғап, 10 сәуір күні Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотымен қайырымдылық мекемесіне 15 АЕК және оқытушыларға 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
– Діни білім аламын деген жастарға қолдау көрсетесіздер ме?
– Еліміз бойынша діни мамандарды даярлауда, жастарға қамқорлық жағынан Сыр елінің әкімі Қырымбек Көшербаевтың өнегелі бастамалары бүгінде өзге аймақтарға үлгі ретінде айтылып жүр. Облыс әкімінің қолдауымен «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам университетімен 2014 жылдан бастап бірлесе жұмыс жасап келеміз. Жыл сайын университет ғалымдары келіп, өңірімізде әртүрлі форматта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Облыс әкімдігі бюджеттен тыс қаржы көздері арқылы қызылордалық студенттердің оқу ақысы төленіп келеді. Олар оқуын бітіргеннен кейін осы өңірге келіп, діни салада қызмет етуде. Мешіттердегі діни кадрлық мәселелер өз шешемін тауып келеді.
– Қазіргі таңда заңсыз діни кітап сату туралы пікірлер жиі айтылады. Облыста бұндай мәселелер жағы қалай?
– Дінді насихаттаудың бір құралы әдебиет десек, бүгінгі таңда бұл жағына қатаң назар аударып келеді. ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 9-бабында «діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге ақпараттық материалдарды, дінге қатысты құралдарды тек қана ғибадат үйлерінде (құрылыстарда), діни білім беру мекемелерінде, сонымен қатар, облыс (республикалық маңызды қалалардың, астананың) жергілікті атқару органдары арнайы бекіткен арнайы стационарлық үй-жайларында таратуға болады» делінген.
Қызылорда қаласында діни әдебиет сататын 3 орын облыс әкімінің қаулысымен бекітілген. Облыста заңсыз әдебиет сататын орын жоқ.
– Түрлі дін өкілдері мен діни ұйымдардың өзара қарым-қатынасы туралы айтып өтсеңіз.
– Жергілікті діни ұйымдар тарапынан конфессияаралық келісім мен өзара төзімділікке кері әсер ететін фактілер жоқ.
Тұрар Түгелұлы
«Kazislam»
«Kazislam»
Комментарии 1