Этнос жастары саяси шешімді қолдады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бүгін этнос жастарының қатысуымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде ҚР Президенттігіне кандидат ұсыну туралы шешімін қолдауға арналған форум болды.
Шараға мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері мен облыстық ассамблея құрылымдары, этномәдени бірлестік төрағалары мен мүшелері, жастар қатысты.
Тарих тоғыстырған көп ұлтты елімізде «түрі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір» ынтымағы жарасқан ұлт пен ұлыс мекен етіп жатыр. Тәуелсіз мемлекетіміздің мызғымас бірлігі - бүгіні мен болашағымыздың айқын көрінісі. Отанымызда өзге этностардың мәдениетін, дәстүрі мен әдет-ғұрпын көрсететін ұлттық мәдени орталықтар жұмыс жасауда. Мұндай берекелі тірлік Қазақ елінің әлем алдындағы абыройын арттыра берері сөзсіз. Форум барысында елдегі саяси оқиғаға өзге ұлт жастары өз ойларын білдірді.
«Елбасы өзі ұсынған кандидатура ол елдегі саяси бағыттың сабақтастығы. Елдегі алда қойған стратегиялық мақсаттардың бәріне жететін жолдың біреуі екендігі және соған тез жететініміздің кепіллі болып есептеледі. Бір тудың астында, бір мақсатты ұстанып өмір сүріп жатқандықтан әрбір саяси оқиғаға аса мән береміз. Елдің болашағы үшін өз таңдауымызды жасайтын боламыз», - деді облыстық «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының мүшесі Елена Павлова.
Облыстық «Nur Otan» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Талғат Тілес саяси шараның мақсатын кең көлемде түсіндірді. Жастар жылында ел үшін маңызды шешімнің қабылданғандығын қуаттайтындығын жеткізді.
«Кезектен тыс Президенттік сайлау халықты топтастыру жолындағы патриоттық акт болып, экономиканы тұрақтандыруға, елдің қарқынды дамуы мен азаматтарымыздың игілігінің түйінді мәселелерін шешу үшін қажетті азаматтық татулықты, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге қуатты серпін береді», - деді Талғат Тілес.
Форум барысында облыстық «Жаңғыру жолы» ЖҚ төрағасының орынбасары, облыстық корей жастар қозғалысының төрайымы Светлана Пак, «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының мүшесі, облыстық «Жаңғыру жолы» ЖҚ төрағасы Артем Кошман Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының өткізілуінің маңыздылығына тоқталып, «Nur Otan» партиясының ХІХ съезінің ҚР Президенттігіне кандидат ұсыну шешімін қолдайтындықтарын айтып, жастарды сайлауға белсенді қатысуға шақырды.