Дариға Назарбаева: Ауыз суға бөлінген 540 миллиард теңге қайда кетті?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Суға бөлінген қаржы құмға сіңгендей жоқ. Сенат төрайымы Дариға Назарбаева ауылдарды тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге бөлінген миллиардтардың жұмбақ жағдайда жоқ болатынын айтты. Осы кезде мыңдаған тұрғын ауыз су тапшылығын көріп отыр, деп хабарлайды KTK арнасы.
«Өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Тәуелсіздік алғалы 540 млд-тан астам қаржы жұмсалды. Бірақ елдімекендердегі халық ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Осы ауыз су бағдарламасы Бермут үштағаны секілді қаржы жұмбақ жолмен жоғалып кетеді. Неліктен?» - деді Сенат төрайымы Дариға Назарбаева.
Сенат спикерінің айтуынша, ауылдық жерлерде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру қағаз жүзінде қалып отыр. Сондықтан депутаттар ауыл аймақтарды аралау кезінде тұрғындардың шағымын жиі естиді. Қырдағы ағайын бас қалада қабылданған жобалардың ауылға жетпей жарты жолда қалатынына наразы. Дариға Назарбаева тұрғын үй саласындағы қордаланып қалған мәселелерді де көтерді. Спикер кей өңірде үш ауысымды мектептерді жоюдың орнына, керісінше сұраныс болмаса да тұрғын үй салып жатқан атқамінерлерді сынады.