Қызылорда қаласында 2 күнде 507 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы полиция басқармасының қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде. 23-25 сәуір күндері қала аумағында құқықтық тәртіпті сақтау, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қылмыстарды ескерту, жолын кесу және жедел ахуалды сауықтыру мақсатында «Құқық тәртібі» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Басқарма басшылығы көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларында, ойын-сауық және азаматтар көп шоғырланатын жерлерде мобильді патрульдер ұйымдастырып, қала жолдарында жол полиция патрульдерінің қызметін күшейтуде.
«Құқық тәртібі» жедел-профилактикалық іс-шарасының 2 күнінде 507 қоғамдық тәртіпті, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзуға әкеп соқтырған әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
«Оның ішінде жол-көлік оқиғасына тікелей септігін тигізетін өрескел жол қозғалыс ережесін бұзушылық, атап айтқанда, жылдамдықты асырған 30 жүргізушіге, ұялы телефонмен сөйлесіп көлік басқарған 26 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлікті масаң күйде басқарудың 4 дерегі, қарсы бағытқа шығудың 1 дерегі, қоғамдық орындарда алкогольді сусындарды ішкен 65 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қауіпсіздік белдігін тақпаудың 33 дерегі, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы үшін 29 дерегі анықталды», – делінген Қызылорда қаласының полиция басқармасы баспасөз қызметінің таратқан мәліметінде.