Қызылордада жанармай бекетінің күзетшісі жалған хабарлама түсірген
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордада газ құю бекетінің күзетшісі өзін белгісіз біреулер қорқытып, бекетке екі рет шабуыл жасалғандығы туралы шағымданған. Күзетшінің айтуынша, қарақшылар мекемеге тиесілі 503 000 теңге ақшаны алып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Түскен арыз негізінде қалалық Полиция басқармасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілген.
Полиция қызметкерлері болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты зерделеп, нәтижесінде хабарламашының жалған ақпарат бергендігін анықтады. Күзетші мұндай қадамға өзі алған ақшаны құмар ойындарда ұтылып, заңсыз іс-әрекетін жасыру үшін барған. Ол жалған хабарлама бергендігін мойындап, өзінің берген арызынан бас тартқан. Сонымен қатар заң бұзушы осы бекеттің операторы және күзетші қызметін қоса атқарғандығы анықталды.
Қазіргі таңда заңсыз әрекетке барған азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу және жалған хабарлама беру дерегі, сондай-ақ пайдакүнемдiк ниетпен жасалған көрiнеу жалған сөз жеткiзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктіге қатысты «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Күдікті тұлғаның кінәсі дәлелденген жағдайда сот шешімімен 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.