Заңсыз балық аулаған тұрғындар жауапқа тартылуда
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Кіші Арал теңізінің аймағында құжатсыз заңсыз балық аулап жүрген Арал қаласының 1993 жылы туылған тұрғыны ұсталды. Айғақ зат ретінде «Ривера» үлгісіндегі қайық және қытайлық балық ауы алынды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 335-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Қызылорда облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің дерегінше, «Киік» және «Уылдырық» жедел профилактикалық іс-шарасының 20 күнінде 48 әкімшілік және 8 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған.
Іс-шара барасында Арал ауданы тұрғынының тұрғылықты мекен-жайының ауласында орналасқан жаздық суға түсуге арналған душ ішінен 21 дана ескірген киік мүйізіне ұқсас заттар анықталып, заттай дәлелдеме ретінде куәгерлердің қатысуымен толықтай тәркіленіп алынды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Бұдан бөлек іс-шара барысында аң аулау қағидаларын бұзудың 9 және және балық аулау ережесін бұзудың 29 дерегі анықталды. Бұл деректер бойынша Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 382-бабы (Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу) және 383-бабы (Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 482-бабы бойынша (жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) барлығы 2 құқық бұзушылық анықталды.