Оқушылар археолог ғалыммен кездесті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің дәстүрге айналған «Даналық бейсенбі» жобасы аясында оқушылар тарих ғылымдарының докторы, археология саласының кәсіби маманы Әзілхан Тәжекеевпен кездесті.
Оқушылар жас ғалымның тағылымы мол өмірі мен өнегелі еңбек жолымен танысты.
Әзілхан Тәжекеев еңбек жолын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы қызметінен бастады. Ел тарихын зерттеуге деген ерекше қызығушылығының арқасында Ресей мемлекетінде білімін жетілдірді. Мұнан соң ол «Археологиялық және этномәдени зерттеулер» орталығының ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығына жетекшілік етіп келеді.
Өз саласының нағыз үздіктерін оқушыларға үлгі етуді басты мақсат еткен жобаның кезекті қонағы болған Әзілхан Тәжекеев білім алушыларға тарих қатпарларынан сыр шертіп, археология мамандығының қиыны мен қызықшылығын кеңінен айтып берді.
Кездесу барысында археолог Сырдария ежелгі арналарының табиғи қалыптасуы жайлы сыр шертті. Сонымен қатар ел Тәуелсіздігінің символына айналған «Алтын адамды» жер астынан қарапайым жұмысшылардың жер аудару барысында кездейсоқ тауып алған оқиғасын баяндап берді. Оған қоса, оқушыларды археологиялық зерттеу жүргізудің кезеңдерімен таныстырды.
«Сыр өлкесін отандық ғалымдар зерттемеген, тек Мәскеуден ұйымдастырылған зерттеу экспедициясы өңірімізде тапқан тарихи заттар мен жинақтаған материалдарын Ресейде жариялаған. Сондықтан мектептегі оқулықтарда біздің өлкеміз жайлы аз жазылады, бірақ біздің өлкенің тарихы бай екенін ескеру керек. Сол себепті бүгінде ғалымдардың, археологтардың, тарихшылардың басты міндеті сол өлкені толық зерттеу арқылы Сыр тарихының маңыздылығын жеткізу болып отыр», - деді өз археолог.
Өз сөзінде мәдени мұраны жойылуына әкелетін «қара археологтардың» заңсыз әрекеттері мен археология саласының дамуына қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалары туралы ой бөлісіп, оқушылардың таным-көкжиегін кеңейтті.
Қажырлы еңбек пен толассыз бейнеттің арқасында бүгінде жеті ұжымдық монографияның және 100-ге жуық ғылыми мақаланың авторы оқушыларға мамандық тандауда кәсіби бағдар берді. Ол өз ісінің бағалы маманы болу туралы кеңестерін айтты.
«Тандаған мамандықты барынша қадірлей білу керек. Сонда ғана қолға түспейтін маман боласыз. Білімді, таңдаған мамандықты сүйіңіз», - деді Әзілхан Тәжекеев.
Кездесу соңында Әзілхан Әуезханұлы мектеп оқушыларының білімдерін тереңдетуге бірден-бір көмекші құрал болып табылатын «Хорезм экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулерінің тарихы» және «Құм басқан өркениеттер» атты кітаптарды мектепке сыйға тартты.