Қызылордалық зияткерлер қарттар үйіне кітаптар сыйлады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Қоғамға қызмет» жобасы аясында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Күлтегін» шаңырағы мен педагог-ұйымдастырушы-кураторлар бірлестігі облыс орталығындағы қарттар үйінде болып, кітапханасына 30 кітап сыйлады.
Қарт десе, әркімнің өз шаңырағына береке кіргізіп, құт дарытып отырған ақсақалды атасы мен ақ жаулықты әжесі елестейді. Тілеуімізді тілеп, балаларына ақылын, немерелеріне ертегісін айтып, ортамызда аман-есен отыра берсе екен дейміз.
Тағдырдың әр түрлі жағдайына байланысты қарттар үйіне барып, мемлекет қамқорлығына жүгінген қариялардың хал жағдайын сұрап, оларға деген құрметін көрсету мақсатында зияткерлік мектеп оқушылары қарттар үйінің тұрғындарымен ай сайын жүздесіп отырады.
Бұл жолы мектеп ұжымы қарттар үйінің кітапхана қорын толықтыру үшін қазақстандық ақын-жазушыларымыздың туындыларын жинақтап, сыйға тартты.
«Қарттарымыз көбінесе, Зейнолла Шүкіров, Әзілхан Нұршайықов сынды ағаларымыздың шығармаларын оқығанды жақсы көреді екен. Осы және өзге қазақ әдебиеті майталмандарының кітаптарын оқушылар мен ұстаздар қауымы кітап алып келіп, жинақталған қор қарттар үйінің кітапханасына өткізілді», - дейді педагог-ұйымдастырушы-куратор Гульжан Досанова.
Кездесуде ата-әжелер кітап оқығанды жақсы көретіндіктерін байқатып, араларында ұстаз болып еңбек еткен білім саласының ардагерлері оқушылармен оқыған кітаптарын талқылады. Өз кезегінде оқушылар мектепте жүзеге асырылып жатқан «100 кітап» жобасы жайлы айтып, жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру бойынша пікірлерімен бөлісті.
Соңында зияткерлер арнайы әзірлеген тілек тақтасына лебіздерін қалдырса, ата-әжелер ақылдарын айтып, бата берді.
Учащиеся Кызылординской НИШ подарили дому престарелых книги