Жас кәсіпкер ауылдастарына жұмыртқа мен тауық балапанын тегін үлестірді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы жас кәсіпкер Нұрәділ Сабыр ауылдастарына 500 жұмыртқа мен 120 балапанды тегін үлестірді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ол мұндай мүмкіндікке «Jas Project» жобасы аясында қол жеткізді. Сүттіқұдық ауылының 26 жастағы тұрғыны құс шаруашылығы бағытындағы жобасын қайтарымсыз грант байқауына ұсынған. Осылайша 1 миллион теңге қаржылай қолдауға ие болған ол алдымен тауық қора салып, 500 жұмыртқаға арналған инкубатор аппараты мен 50 тауық сатып алған. Өзінің әлеуметтік бизнес жобасында ол ауылдағы 8 отбасына 4 ай көлемінде жұмыртқа мен балапанды тегін үлестіруге міндеттелген. Осы шартты толық орындаған ол алдағы уақытта өз кәсібін одан әрі дамытуды көздеп отыр.
«Баяғыда бала кезден біздің ауылымызда әр үйде кем дегенде 10 шақты тауықтан болатын. Кейін ауылда тауық асыраушылар азайып кетті. Тауық көрмейтін болдық. Өзім осы жоба аясында құс шаруашылығын неге дамытпасқа деп ойланып жүргенмін. Jas Project арқасында өзім осы жобаны қолға алдым», - Сүттіқұдық ауылының тұрғыны Нұрәділ Сабыр.