Шиелідегі сүт өңдеу цехы күніне 1 тонна сүт өндіреді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданындағы «Асылхан» шаруа қожалығы 2017 жылы бой көтеріп, мамыр айында іске қосылған болатын. Сүт өңдеу цехына бас аяғы 250 млн. теңге қаржы жұмсалған. Аталған мекеменің төрағасы Данияр Дүйсебаев «Наурыз-Дем» кредиттік серіктестігінен 41 млн. теңге несие алып, қалған қаражатты өз есебінен қарастырған. Қазіргі таңда 30 бас сиыр мен 2 бұқаны Солтүстік Қазақстаннан алдырып, төл басын көбейтіп отыр. Негізгі орын 100 бас сиырға арналғандықтан, алдағы уақытта көршілес Ресей елінен арнайы ірі қара малдарын алуда жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. Жобалық қуаттылығы күніне 1 тонна сүтті құрайтын кәсіпорында бүгінде тәулігіне 200-250 л сүт, аптасына 50 кг қаймақ пен 150-200 кг ірімшік өндірілуде.
Отыздан аса адамды жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалығы 200 бас ірі қара малы бар бордақылау алаңын 48 млн теңгеге салған. Бүгінгі таңда мал сою пунктінде 45 бұзау мен 30 баспақ тұр. Аудандағы шағын шаруа қожалықтардан сүт алып, өз өнімдерін өндіруге септігін тигізуде. Алдағы уақытта аудандағы барлық мекемелер, дүкендер мен балабақшаларды толығымен сүт өнімдерімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр Қандай да бір жетістікке жету, жоқтан бар жасау асқан табандылық пен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, кәсіпорын басшысы қай істе де мойымай, адал еңбек етуді мақсат еткен.
Қазіргі таңда кәсіпкерлер мемлекет тарапынан әжептеуір қолдау тауып жатыр. «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі, – деп Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай кез келген кәсіп түрін жүрексінбей, жатсынбай бастау керек.