Тың кәсіптің көзін тапқан
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жосалы кентінің тұрғыны Людмила Альмерденова «Бизнес бастау» курсына қатысып тәжірибе жинап, еш несиесіз құрама жем шығару цехын ашқан. Әлеуметтік желі арқылы іздестіріп, Ресейден сағатына 400 кг өнім шығаратын құрылғыны тауыпты.
Людмила Қармақшы ауданында мұндай құрама жемнің жоқтығын біліп, осы кәсіпті қиын болса да қолға алуға кіріскен. Қоспаларын жинау оңай емес. Әр өнімді жер-жерден алдырады. Күнделікті дүкендегі жеммен салыстыруға келмейді мұны. Құрама жемнің келісі 80 теңгеден. Бір жем арқылы мал ағзасына бірнеше шөптің құнары барады. Тұрғындарға осыны түсіндіріп жүр. Нәтижесін көрсе өкінбейтініне көздері жетеді. Кәсіп алға жылжыса бұл мал өсірушіге де, кәсіп көзін ашқан жанға да тиімді болмақ. Бидай ұнтағы, жоңышқа, 3 кальций фосфаты мен түрлі құнарлы қоспадан дайындалатын жем сүт пен ет бағытында мал өсіріп отырғандар үшін таптырмас өнім.
«Бастағанымызға көп болмады. Әзірге бір кісіні жұмыспен қамтып отырмыз. Сауын сиырына беріп көргендер жемді күтіп тұрып дайын болғанда дереу алып кетуде. Алға жылжи бастаса тек аудан емес, басқа облысқа да жеткізуге жұмыс істейміз», – дейді Людмила Альмерденова.